Мичурин ауылында жаңа Мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Бұл – ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері күткен маңызды нысандардың бірі. Жергілікті халық үшін бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, қоғамдық өмірдің, шығармашылық пен отбасылық демалыстың орталығына айналатын маңызды орын. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, нысанның келбеті күн санап айқындала түскен сайын тұрғындардың да үміті артып келеді.
Бүгінде мәдени инфрақұрылым ауылдық елді мекендерді дамытуда ерекше рөл атқарады. Мұндай нысандар концерттер, мерекелік іс-шаралар, шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық кездесулер өткізетін маңызды алаңға айналады. Жас отбасылар үшін бұл балалардың қабілеттерін туған ауылында дамытуға мүмкіндік берсе, аға буын үшін белсенді қоғамдық өмірге араласып, мәдени шараларға қатысуға жол ашады.
Асхат Мейрамов, Мичурин ауылдық округінің әкімі
Бұл нысан "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба екі жылға жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталды, аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Жаңа Мәдениет үйін салу мәселесін тұрғындар 2022 жылдан бері көтеріп келеді. Қазіргі ауылдық клуб бейімделген ғимаратта орналасқан және небәрі 75 орынға ғана арналған. Ал ауыл халқының саны шамамен 2600 адамды құрайды. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 200 миллион теңге.
Жоба әртүрлі жастағы тұрғындарға арналған заманауи әрі көпфункционалды мәдени кеңістік құруды көздейді. Мұнда шығармашылық кештер, тақырыптық кездесулер, білім беру бағдарламалары мен ауылдық мерекелер ұйымдастырылады. Осылайша жаңа Мәдениет үйі округ тұрғындарының басты бас қосу орындарының біріне айналмақ.
Асхат Мейрамов, Мичурин ауылдық округінің әкімі
Бұл нысан балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және жастардың мәдени тәрбиесін дамытуға мүмкіндік береді. Мәдениет үйінде хореография және вокал кабинеттері, кинотеатр жұмыс істейді. Мұнда патриоттық бағыттағы фильмдер көрсетіледі. Сонымен қатар аумақта ашық сахна мен балалар ойын алаңдары салынады.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар бірнеше бағыт бойынша қатар жүргізілуде. Мамандар негізгі құрылыс кезеңдерінен ішкі әрлеу жұмыстары мен аумақты абаттандыруға көшіп жатыр. Барлық жұмыстар аяқталған соң бұл нысан Павлодар ауданының ауылдық аймағындағы ең заманауи мәдени орталықтардың біріне айналады деп күтілуде.
Дмитрий Владимиров, құрылыс учаскесінің жетекшісі
Мичурин ауылында 250 орындық Мәдениет үйін салып жатырмыз. Құрылыс жұмыстарын қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта барлық жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде, қаржыландыру уақытылы түсіп жатыр». «Нысанда шамамен 20 адам еңбек етуде. Автокрандар мен тиегіш техникалар жұмылдырылған. Қазір шатыр жабу және сылақ жұмыстары жүргізілуде. Ай соңына дейін аумақты абаттандыру, топырақ төсеу, асфальттау және бетондау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 60 пайызды құрайды.
Жаңа Мәдениет үйі Мичурин ауылы тұрғындарына шығармашылықпен айналысуға, қарым-қатынас орнатуға және жан-жақты дамуға мол мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл жер жаңа бастамалар дүниеге келетін, ұлттық құндылықтар дәріптелетін және тұтас отбасылар жиналатын ортақ мәдени орталыққа айналады. Осындай нысандар ауылдың өмір сапасын арттырып қана қоймай, оның заманауи әрі тартымды келбетін қалыптастырады.
Айдана Қоқанова