«Заң мен тәртіп» жобасы аясында шаһарымызда ғимараттар қабырғаларында, қоршаулар мен аялдамаларда кездесетін заңсыз контент таратудың құралына айналған жазулар жою акциясы жүргізілді.Акция барысымен тілшіміз таныстырсын.


Алғашқыда зиянсыз көрінетін граффитилердің астарында есірткінің заңсыз айналымына қатысты интернет-ресурстарға сілтемелер жасырынуы мүмкін. Сондықтан мұндай жазуларды анықтап, жою және жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.Рейд барысында мамандар адам көп шоғырланатын орындарға, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерге ерекше назар аударады.

Ирина Темірғалиева, ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі

бүгін біз павлодар қаласы аумағында есірткіге қатысты контентті насихаттайтын граффити жазуларын анықтау және жою бойынша акция өткізудеміз. Бұл шара есірткі құралдарын тұтынуға және олардың заңсыз айналымына қарсы халықаралық күнге орай ұйымдастырылған айлықтың қорытынды кезеңі болып табылады. Сонымен қатар, тәуелділік пен қосымша тәуелділік мәселелеріне арналған конференция өтеді. Ал айлық ertis promenade орталық сахнасында өтетін концерттік бағдарламамен қорытындыланады. Онда кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, отбасылар мен балаларға арналған танымдық және ойын-сауық шаралары өткізіледі.

Есірткі насихатына қарсы күреске қоғам өкілдері де белсенді қатысуда. Полицейлермен бірге еріктілер, жастар ұйымдарының мүшелері және бейжай қарамайтын тұрғындар көшеге шығып, заңсыз жазуларды жоюға атсалысуда. Мұндай бірлескен жұмыс тыйым салынған контентті жедел жоюмен қатар, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.

Ирина Темірғалиева, ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі

Жыл басынан бері павлодар, ақсу және екібастұз қалаларында барлығы 12 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 68 заңсыз жазу анықталды. Әрбір жазу мұқият тексеріледі. Егер көрсетілген сілтеме әрекет ететін ресурсқа апаратыны расталса, бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталады.

Еріктілер үшін мұндай акцияларға қатысу – қаланың қауіпсіздігіне нақты үлес қосу мүмкіндігі. Олардың айтуынша, алдын алу жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Тұрғындар күмәнді жазулар туралы жиі хабарлай бастаса, жастар есірткінің зияны мен оның салдары туралы көбірек ақпарат алуда.

Арина Краскова, «жасыл ел» облыстық штабының менеджері 

Бүгін біз еріктілермен бірлесіп есірткі жарнамасын қамтитын граффитилерді бояп жабу акциясын өткізіп жатырмыз. Бұл шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастарға оның маңыздылығын түсіндіру. Сондай-ақ есірткі заттарының таралуына жол бермеу және олардың қолданылуының алдын алу. Біз бұл акцияны екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Акцияны полиция басқармасымен және ішкі саясат бөлімімен бірлесіп ұйымдастырамыз. Олардың қолдауымен осы іс-шара жүзеге асырылуда. Біздің жұмысымыздың нәтижесі бар екені қуантады. Атқарылған іс-шаралар өз жемісін беруде, сондықтан біз әрдайым «Заң және тәртіп» идеологиясы аясындағы бастамаларға белсенді түрде қатысамыз. Тағы бір қуантатын жайт – мұндай граффитилер кездесетін аудандар саны азайып келеді. Өткен жылы біз жұмысты Павлодар қаласының Екінші Павлодар ауданынан бастаған болатынбыз, ал биыл қаланың басқа аумақтарын да қамтып отырмыз. Еріктілер ретінде байқағанымыз – Павлодар қаласында есірткі жарнамасын насихаттайтын граффитилердің саны айтарлықтай азайған.

Көшелерде заңсыз жарнаманың азаюы қауіпті ақпараттың жасөспірімдер мен жастарға жету мүмкіндігін төмендетеді. Өйткені қауіпсіздік әркімнің жауапкершілігінен, таза көшеден және заң мен тәртіпті құрметтеуден басталады.


Салтанат Бауыржанқызы