Естеріңізде болса, медицина қызметкерлері күнінде Павлодар өңірінде адам өмірі мен денсаулығын қорғауды өмірлік мұрат еткен бірқатар ақ халатты абзал жан марапатқа ие болған еді. Солардың бірі – онкология саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті хирург Ульфат Боромбаев. Ерен еңбегі мен денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін ол «Парасат» орденімен марапатталды.


Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің жалпы онкология бөлімшесінің меңгерушісі Ульфат Боромбаев медицина саласында қырық жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. Оның айтуынша, дәрігер мамандығын саналы түрде таңдаған. Бұл шешіміне анасының арманы мен қолдауы да әсер еткен.

Ульфат Боромбаев, жалпы онкология бөлімшесінің меңгерушісі

Менің кәсіби жолым 1988 жылы басталды. Бірнеше айдан кейін медицина саласында жүргеніме 38 жыл толады. Еңбек жолымды №2 қалалық аурухананың тамыр хирургиясы бөлімінде интерн дәрігер ретінде бастадым. Ал 1999 жылдан бері Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде жұмыс істеп келемін. 2002 жылдан бастап бөлімше меңгерушісі қызметін атқарып жүрмін.

Ұзақ жылдар бойы науқастардың өмірі үшін күрескен дәрігер бүгінде өңірдегі онкологиялық көмектің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Оның кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін әріптестері де жоғары бағалайды.

Владимир Полешко, жалпы онкология бөлімшесінің хирург-онкологы

Біз Ульфат Боромбаевпен отыз жылға жуық уақыттан бері иық тіресе еңбек етіп келеміз. Ол – өз ісінің нағыз маманы, тәжірибелі хирург. Оның өңірдегі хирургия саласының дамуына қосқан үлесі зор. Бүгінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, өз тәжірибесі мен білімін жас мамандарға үйретіп келеді.

Шәкірт тәрбиелеуді өзінің басты міндеттерінің бірі санайтын дәрігер бүгінде көптеген жас маманның кәсіби қалыптасуына жол ашты. Оның тәлімін алған дәрігерлер талай жанның өміріне араша болып, халық игілігі үшін қызмет етіп жүр.

Ульфат Боромбаев, жалпы онкология бөлімшесінің меңгерушісі

Мен үшін "Парасат" ордені – жеткен жетістіктерге тоқмейілсу емес. Керісінше, бұл – алға қарай жылжуға берілген үлкен сенім мен жауапкершілік. Бізде жүзеге асырғымыз келетін идеялар мен жоспарлар көп. Сондықтан бұл марапат халықтың, науқастарымыздың игілігі үшін аянбай еңбек етуге жігер береді.

«Парасат» ордені – дәрігердің ұзақ жылғы еңбегіне берілген жоғары баға. Алайда Ульфат Боронбаев үшін ең үлкен марапат – дертінен айыққан науқастың алғысы мен шәкірттерінің жетістігі. Сондықтан ол алдағы уақытта да медицина саласының дамуына үлес қоса бермек.

Дильназ Қуанышбекқызы