Эстафеталық жүгіруден өткен екінші Азия чемпионатынан спортшыларымыз елге оралды. Қытайдың Шаосин қаласында өткен бәсекеде жерлестеріміз Қазақстан қоржынына бірнеше медаль салған. Жеңімпаздарды қарсы алу рәсіміне арнамыздың түсірілім тобы да қатысып қайтты.
Теміржол вокзалының перронында чемпиондарды жақындары, достары мен жаттықтырушылары плакаттармен және гүлдермен қарсы алды. Мұндай ерекше құрметке негіз де жоқ емес. Азияның ең мықты спортшылары бас қосқан дүбірлі додада Қазақстанның намысын қорғаған павлодарлық жеңіл атлеттер – Мария Шувалова мен Александра Залюбовская ел үмітін ақтады.
Төрт спортшы кезектесіп отырып, 400 метрлік қашықтықты бағындырған аралас эстафетада Мария ШувАлова алтыннан алқа тақты. Тағы бір жүлдеге павлодарлық спортшы қыздар бірге қол жеткізді – әйелдер арасындағы эстафетада Мария Шувалова мен Александра ЗалюбОвская қола жүлдені еншіледі.
Мария Шувалова, эстафеталық жүгіруден Азия чемпионы
Үндістан, Шри-Ланка секілді мықты құрамалардан қаймыққанымыз рас. Бірақ біздің де деңгейіміз олардан төмен емес, қайта басымбыз. Не болса да, жеңіс үшін аянып қалмаймыз, деп ойладық. Қобалжу болғанымен, өзімізге сену маңызды болды.
Чемпионатқа Сары құрлықтың 9 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Жерлестеріміздің айтуынша, жүгіру жолындағы медаль үшін күрес соңғы секундтарға дейін тартысты болды.
Александра Залюбовская, эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатының жүлдегері
Өзімді өте еркін әрі жеңіл сезіндім. Қытайдағы жүгіру жолы ерекше әсер қалдырды, бәрі ұнады. Эстафетаның әр кезеңінде Үндістан, Қытай және біздің құрама арасындағы арақашықтық өте аз болды. Бір-бірімізге дес бермей, қатар жүгірдік. Сол себепті қыздарымыздың әрқайсысы әрбір кезеңде барын салып, орын алу үшін күресті.
Павлодарлық спортшылар бұл жеңіспен тоқтап қалмақ емес, алда оларды жаңа жарыстар күтуде. Шілде айында Мария Шувалова 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтетін Азия біріншілігінде бақ сынайтын болады.
Жұлдыз Қабылденова