Павлодар ауданының Луганск ауылындағы ең көне білім ошақтарының бірі жаңа кейіпке енуде. Алпыс жылдан астам тарихы бар мектепте бүгінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңарған білім ордасы жаңа оқу жылында 284 оқушы мен 37 тәрбиеленушіні қабылдайды.
Луганск орта мектебі ауылдың қоғамдық өміріндегі маңызды орталықтардың бірі. Мұнда балалар білім алып қана қоймай, түрлі мәдени және спорттық шараларға қатысады. Қазір мектепте ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, қасбеті жаңартылуда. Аумақ толықтай жаңа қоршаумен қоршалған.
Қайрат Садыров, Луганск орта мектебінің директоры
Мектебіміздің екінші тынысы ашылып жатыр деуге болады. Ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ата-аналар мен педагогтар үшін өте маңызды. Себебі мектеп – тек білім беру орны ғана емес, ауылдың қоғамдық өмірінің орталығы.
Ауыл тұрғындары бұл өзгерістерді көптен күткендерін айтады. Олардың сөзінше, мектеп бұрын да күтімді болғанымен, заманауи талаптарға сай жаңартуды қажет еткен.
Татьяна Мельникова, ауыл тұрғыны
Бұрын да мектебіміз әдемі болатын. Бірақ бір өзгеріс болғанын қаладық. Себебі ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Қабырғалары таза, ақ болғанымен, жаңашылдық жетіспейтін. Қазір мектеп мүлде өзгеріп, өте көрікті болып кетті. Ішке кіре бергін келеді. Балаларға да қатты ұнайды. Жазғы демалыс кезінде мектепке келмеген балалар қайта келгенде оның қазіргі келбетіне қатты таңғалып, қуанды.
Мектеп ұстаздары да білім ордасындағы оң өзгерістерге дән риза. Өйткені олар жаңарған, заманауи ғимаратта оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік алып отыр.
Ольга Щеглова, химия пәнінің мұғалімі
Осы мектепте оқыдым, қазір өзім сабақ беремін. Балаларым да осында білім алады. Мектептің жайлы әрі қауіпсіз болып жатқанына қуаныштымын.
Жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін мектептің материалдық-техникалық базасы да толықтырылады деп жоспарлануда. Бұл оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Дильназ Қуанышбекқызы