Бір ауылдың тарихы, бір әулеттің тағдыры, сан ананың өнегелі ғұмыры тоғысқан тағылымды туынды оқырманға жол тартты. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ақын, журналист, Жанаргүл Қадырованың 50 жылдық мерейтойы аясында «Күркелі: абзал аналар шежіресі» кітабының тұсаукесері өтті.
Жанаргүл Қадырова – Павлодар облысы, Екібастұз қаласында тұратын белгілі ақын, журналист және аудармашы. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сондай-ақ Екібастұздағы жалғыз қазақтілді «Отарқа» қалалық газетінің басшысы әрі бас редакторы. Қаламгердің жаңа туындысы бір ғана ауылдың тарихын емес, қазақ әйелдерінің тағдырын, олардың өнегелі өмір жолын арқау еткен құнды еңбек ретінде көпшілік назарына ұсынылды.
Айбек Оралхан, Ертіс медиа ЖШС-нің «айқара» ақпараттық агентігінің шеф редакторы
Бұл кітаптың бір ерекшелігі бір ғана ауылдың айналасында қаншама абзал аналарымыздың өмірі, тағдыр жолы, өнегесі өріліп жазылған. Кітаптың ішенде басты-басты тарауларды атап өтсек қолөнер, ұстаздар туралы жазылған. Аналар әжелеріміз туралы да кітапты қамтып жазылған. Кітап өзі 450 беттік, энциклопедия деп айтып отырған себебімізде осы.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген кітап бүгінде 800 данамен басылып, қала және ауыл кітапханаларына таратылуда. Сонымен қатар оның электронды нұсқасы да оқырманға қолжетімді. Бұл шығарма арқылы бір ауылдың ғана емес, тұтас қазақ халқының тарихы мен рухани болмысы кезең-кезеңімен көз алдыңыздан өтеді.
Жанаргүл Қадырова, «отарқа» қалалық газетінің басшысы
Бұл еңбекті бастаған кезде кәдімгі өзімізідің қарапайым ауыл әжелері туралы бастаған едім. Бірақ сол кезде қызықты -қызықты деректер шыға бастады. Өйткені менің ауылымда әйгілі режиссер Жұмат Шаниннің ауылы ғой. Сол мына кітапқа Жұмат Шаниннің жары Жанбике туралы кітап жалпы аналар галлериясына қош келдіңіздер деп Сая Қасымбек деген апамыз алғысөзімен басталады. Бұл еңбектің мақсаты сол әйелдің қайсарлығын, әйелдің төзімділігін бір қасиетін ұмыттырмау паш ету.
Тұсаукесер рәсіміне автордың ауылдастары, әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандары қатысты. Олар мерейтой иесін жаңа кітабының жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Кеш барысында кітаптың тарихи-танымдық маңызына ерекше тоқталып, қазақ әйелдерінің өнегелі өмірін насихаттаудағы рөлі жоғары бағаланды.
Дильназ Қуанышбекқызы