Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация – жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың алдын алудың тиімді жолы. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе еліміз үшін өзекті болып отыр. Осыған орай өңіріміздегі емханаларда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жұмыстары жалғасуда.
Адам папиллома вирусы 200-ге жуық түрден тұратын вирустар тобы. Оның кейбір түрлері адам ағзасына айтарлықтай қауіп төндірмесе, енді бірқатары онкологиялық аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан вакцинация дерттің алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі саналады.Дәрігерлердің мәліметінше, вакцина ерлер мен әйелдерге де салынады. Әсіресе, 11-17 жас аралығындағы қыздарға екпе жасау жатыр мойны обырының даму қаупін 90 пайыздан астамға төмендетеді.
Дидар Валиханова, жалпы тәжірибелік дәрігері
Қазіргі таңда жыныс мүшелерінің онкологиялық аурулары елімізде кең таралған. Бұл көрсеткіш онкологиялық дерттердің алғашқы үштігіне кіреді деуге болады. Сондықтан мемлекет деңгейінде адам папиллома вирусына қарсы вакцинация енгізілді. Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, вакцинация ауру көрсеткішін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бізде де осы арқылы статистиканы азайту көзделіп отыр.
Қазіргі таңда ата-аналарға жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде вакцинацияға деген сенім артып келеді.Көптеген ата-ана қыздарына екпе салдыруға келісім беруде. Дәрігерлер вакцинадан кейін ауыр жанама әсерлер тіркелмегенін, екпенің жеңіл көтерілетінін атап өтті.
Галина Трощева, Ата-Ана
Біз адам папиллома вирусына қарсы вакцина алуға саналы түрде шешім қабылдадық. Алғашқы дозаны жарты жыл бұрын қабылдадық, бүгін екінші дозасын салдырдық. Ешқандай жағымсыз әсер болған жоқ. Бала екпені жақсы көтерді. Дәрігерлер ұсынған кезде бірден келісім бердік
Дегенмен, вакцинация барлық жағдайда жасала бермейді. Егер балада вакцина компоненттеріне аллергиялық реакция болса немесе жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырып жүрсе, екпе уақытша кейінге қалдырылады. Сондай-ақ созылмалы аурулардың асқыну кезеңінде де вакцина салынбайды.
Дильназ Қуанышбекқызы