Павлодар облысында жайылым жер жеткілікті болғанымен, кейбір ауылдарда оның тапшылығы әлі де өзекті мәселе. Бұған жайылымдардың елді мекендерден алыс орналасуы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы себеп. Соның салдарынан мал бір аумақта қайта-қайта жайылып, жердің тозуына әкеліп отыр.


Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, облыста 717 мың гектардан астам жайылым жер тозған. Оның 40 мың гектарға жуығы елді мекендердің аумағында орналасқан. Мамандардың айтуынша, жайылымдарды қалпына келтіру үшін оларды тиімді пайдаланып, жайылым айналымы жүйесін сақтау қажет.


2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның бір бөлігі халықтың игілігіне берілсе, қалғаны кезең-кезеңімен ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп жатыр.


Басты мақсат – жайылым көлемін арттыру ғана емес, оның табиғи құнарын сақтау. Осы бағытта өңірде тозған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып, жайылымдарды тиімді пайдалану тетіктері жетілдірілуде.

Дильназ Қуанышбекқызы