Павлодар ауданында осыдан екі ай бұрын бастау алған «Өнер додасы» байқауы мәресіне жетті. Бірнеше іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, суырылып алға шыққан ауыл өнерпаздары ақтық сында бақ сынасты. Сонымен, бас жүлде қай ауылдың қанжығасына байланды? Алдағы сюжеттен көрейік.


 «Өнер додасы» байқауы ауданға қарасты 13 ауылдық округті түгел қамтыды. Тартысты өткен бірнеше іріктеу кезеңінен ең мықты ұжымдар ғана дараланып шықты. Осылайша, ақтық сынға Кеңес және Григорьевка ауылдық округтері жолдама алды.

Айдарбек Көпеев, Павлодар аудандық мәдениет үйі басшысының м.а.

Деңгейлері жақсы, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр. Алдағы осы сайысты бүгін кім жеңеді, әрине, оны төрешілер – әділ қазылар шешеді. Дегенмен де барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, жеңіс тілеймін. Кім мықты, бүгін жеңіске жеткен және «Өнер додасы» бойы қатысқан қатысушылар аралығынан жақсыларын, мықтыларын облыстық додаға іріктеп аламыз.

Байқауда дәстүрлі ән, күй, терме, ақындық өнер насихатталып, сирек кездесетін аспапта ойнайтын шеберлер, би ұжымдары, жеке орындаушылар мен ансамбльдер бас қосты. Қатысушылардың санына шектеу қойылмаған, тек жасы 15-тен асса болғаны. Сондықтан болар, сахна өнерпаздардың бірнеше буынын ұштастырды. Мәселен, ең егде қатысушылардың бірі – Кеңес ауылдық округінен келген 70 жастағы Таңсық Базарбаева. Ол дүбірлі додадан қалмай, сахнада жоғары деңгейде өнер көрсетті. 

Таңсық Базарбаева, Кеңес ауылдық округінің тұрғыны

Мінекей, осы додаға екі рет қатысып, бүгін үшінші рет келіп тұрмын. Бұл дода әрі қарай жалғасын таба берсін. Жастарымыздың өнерлері алға жылжып, бізді, мінекей, осындай жасқа келгенде, сахнаға шығарған жастарыма өте ризамын. Ауылдың мәдениеті дами берсін. Бүгін осы жаңадан құралған оркестрмен «Бір келіншек» деген халық әнін орындаймын.

Ал Григорьевка өнерпаздарын ауылдық округ әкімі бастап келді. Олар да бұл сайысқа тас-түйін дайындалып, Кеңес құрамасына лайықты бәсекелес бола білді.

Талғат Бланкин, Григорьевка ауылдық округінің әкімі

Менде жалпы 12 қатысушым бар. Бәрі де – ауылымыздың тұрғындары. Енді өзім текті сөздің төресі – терме атты бөлімде өнер көрсетемін. Енді нәтиже тек әділ қазылар алқасының қолында ғой. Біздің ең басты міндетіміз – биік дәрежеде өнер көрсету.

Қос ауылдың тұрғындары бар өнерін ортаға салып, жеңісті бермеуге тырысты. Сахнадағы тартыс қызу өтіп, 6 кезеңнен кейін қос команданың есебі 3-3 болып тең түсті. Байқау тағдыры соңында шешілді – небәрі 1 ұпай айырмашылығымен алға шыққан Кеңес ауылдық округі дүбірлі доданың жеңімпазы атанды. Оларға марапаттарды аудан әкімінің орынбасары Самал Айтқазина табыстады.

Самал Айтқазина, Павлодар ауданы әкімінің орынбасары

Өнерге деген жақын адамдар, қазіргі сахнаға шығып жүргенмен қатар сахнадан қалып қойған, тыс жүрген, сахнаға көп бейімделе бермеген біздің тұрғындарды да сахнаға шығарды. Соның өзі де бір үлкен ізденістің, үлкен бір жұмыствың белгісі деп білеміз. Арнайы осы сайысқа қатысқан барлық ұжымдарға – жеңілгені болсын, жеңгені болсын, сахнаға шыққан барлық командаларға аудан әкімі – Дидар Елубекұлы атынан мың алғыс білдіремін.

Ұйымдастырушылар байқау барысында белсенділік танытқан әрбір қатысушыны назардан тыс қалдырмады. Сахна төрінде тек бас бәйге үшін таласқандар емес, доданың барлық кезеңінде көрермен көзайымына айналған өнерпаздар да марапатталды.


Жұлдыз Қабылденова