Павлодар облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастарға арналған «Эко-movie» атты шара өтті. Қатысушылар танымал фильмдер мен мультфильмдердегі экологиялық идеяларды жаңаша талдап, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ойын арқылы түсінді. Бұл бастаманы облыстық «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының штабы ұйымдастырды.
Кездесуге колледж студенттері, оқу орталығының педагогтері және «Жасыл Ел» жасағының еріктілері қатысты. Шараның мақсаты жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, олардың экологиялық ойлау қабілетін дамыту. Барлығы 30-ға жуық адам қатысты.
Әйгерім Түсіпбекова, «жасыл ел» еңбек жасағының менеджері
Тапсырмаларда жаһандық жылыну, адам мен табиғаттың өзара байланысы сияқты өзекті экологиялық мәселелер қамтылды. Біз баршаға ортақ тақырыптарды таңдадық. Негізгі мақсатымыз – жастарды ойландырып, фильмдер мен мультфильмдерде көтерілген экологиялық мәселелерге назар аудартуға ықпал ету. Бағдарламаны қатысушылардың қызығушылығына сай құруға тырыстық. Бұл әсіресе біздің экобелсенді еріктілеріміз үшін маңызды. Себебі олар табиғатты қорғау ісіне белсенді атсалысып, туған қаламызды көркейтуге өз үлестерін қосып жүр.
Қатысушылар үш кезеңнен тұратын танымдық тапсырмаларды орындады. Алғашқы бөлімде экраннан көрсетілген фильмдер мен мультфильмдердің кадрларын танып, олардың астарындағы экологиялық мағынаны түсіндірді. Екінші кезеңде төрт сурет арқылы жасырылған экологиялық сөздерді тапты. Ал соңғы кезеңде командалар табиғат тақырыбындағы суреттерден он айырмашылықты уақытқа тапты.
Мөлдір Жұмабай, студент
Біз осы экомови сайысына қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бұл бізге болашақта өте үлкен жаңалықтар және сол сияқты жаңарулар алып келеді деген сенімдеміз. Болашаққа біздің үмітіміз зор. Менің ойымша бұндай жерлерге көбіне жастардың келгені дұрыс деп ойлаймыз. Өйткені өздеріне экологияны қорғау олардың міндеті дегіміз келеді.
Осындай шығармашылық форматтағы шаралар жастардың экологиялық білімін арттырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сабина Жолдаспаева