Павлодарда «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының 22 еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды. Ertis Promenade сахнасында өткен шараға облыстың қала-аудандарынан келген жастар қатысты. Биыл өңірде екі мыңнан астам жасөспірім жаз бойы еңбек етіп, елді мекендерді көркейтуге, әлеуметтік жобаларға және еріктілік жұмыстарына атсалысады.
Жыл сайынғы еңбек маусымының ашылуы жастардың басын қосып, жаңа маусымға серпін береді. Биыл бағдарламаға жоғары оқу орындарының студенттері, колледж білім алушылары, ауыл жастары мен жұмыссыз жастар тартылды. Жоба бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Экология және абаттандыру бағытына қатысушылар ағаштар мен жасыл желектерді күтіп, гүлзарлар отырғызады, саябақтар мен көшелерді тазалап, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына қатысады.
Еріктілер жасағы жалғызбасты қарттарға, ардагерлерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тұрмыстық көмек көрсетеді. Сондай-ақ экологиялық бастамаларды қолдайтын белсенді жастардан құралған «Green Team» жасағы табиғатты қорғау акциялары мен түрлі қоғамдық шараларға қатысады. Ал студенттік құрылыс жасақтарының мүшелері оқу орындары мен жатақханаларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылады.
Жасақтардың жұмысын тәжірибелі штаб командирлері үйлестіреді. Олар сарбаздардың еңбек қауіпсіздігін сақтап, жұмыстың сапалы ұйымдастырылуына жауап береді.
Бағдарламаға қатысушылар атқарған еңбегі үшін заңнамаға сәйкес еңбекақы алады. Бұл жастардың жазғы демалысын тиімді өткізіп қана қоймай, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, өз табысын табуына мүмкіндік береді.
Арина Краскова, «jasyl el» Павлодар қалалық штабының командирі
Биыл экологиялық жасақтарда еңбек ететін жастардың айлық еңбекақысы 77 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, қаладағы екі жоғары оқу орнының студенттерінен құралған құрылыс жасақтары да жұмыс істейді. Құрылыс жасақтарының сарбаздары 100 мың теңгеден астам жалақы алады.
Биыл да еңбек маусымы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтеді. Жастар қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді көркейтуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қоспақ.
Сабина Жолдаспаева