Өңірде баланың туу туралы куәлігін онлайн рәсімдейтін ата-аналар қатары артып келеді. Жыл басынан бері үш мыңнан аса нәресте алғашқы құжатын алса, отбасылардың көпшілігі бұл үшін электрондық қызметтерді пайдаланған.


Жыл басынан бергі 5 айда өңірде 3 186 туу туралы куәлік берілген. Оның 2 236-сын ата-аналар электронды форматта рәсімдеген. Бүгінде отбасылардың 70%-дан астамы осы әдісті пайдаланады.

Дастан Шакаев, «азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» кеақ Павлодар облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары

Жыл басынан бергі бес айдың қорытындысы бойынша, туу туралы куәлік ең көп берілген өңір – Павлодар қаласы, мұнда 1 320 нәрестенің ата-анасы құжат алды. Екібастұзда – 707 отбасы, Ақсуда – 349 отбасы құжат алды. Павлодар облысының аудандарында баланың туу туралы 810 куәлігі берілді. Аудандар арасында Павлодар ауданы көш басында тұр, мұнда 391 баланың алғашқы құжаты рәсімделді. Бұл – өңірдің ауылдық жерлерінде берілген барлық туу туралы куәліктердің жартысына жуығы.

Баланың туу туралы куәлігін онлайн режимде бірнеше жолы бар – электрондық үкімет порталы арқылы, SMS арқылы келетін проактивті қызмет немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, ХҚКО немесе АХАТ бөлімдеріне барып, дәстүрлі түрде де жасата аласыз. Қай әдісті таңдасаңыз да, бұл құжат тегін беріледі.

Әдетте құжат 2 жұмыс күні ішінде дайын болса, электронды қызметтер бұл уақытты айтарлықтай қысқартады. Себебі цифрлық жүйеде қажетті деректер автоматты түрде толтырылады, осылайша куәлікті әлдеқайда жылдам алуға мүмкіндік туады.

Дастан Шакаев, «азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» кеақ Павлодар облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары

Цифрлық қызметтерге сұраныстың артуы аймақ жұртының мемлекеттік электронды жүйелерге толық сенетінін көрсетеді. Өз кезегінде, халыққа қолайлы әрі сапалы жағдай жасау – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметінің негізгі басымдығы.

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәліметінше, заманауи технологиялар құжаттарды алу процесін қарапайым, қолжетімді және ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.


Жұлдыз Қабылденова