Облыстағы ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды нақты уақыт режимінде бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бүгінде мұндай жүйе Павлодар мұнай-химия зауытында да жұмыс істейді.Жалғасы материалда.
Заманауи жүйе қоршаған ортаға таралатын шығарындылар туралы мәліметті автоматты түрде мемлекеттік базаға жолдайды. Бұл экологтарға жағдайды тәулік бойы бақылап, заңбұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді..
Аяна Маханбетова, Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы
Павлодар облысында бірінші санаттағы 15 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуге міндетті. Бүгінде олардың 12-сі бұл жүйені енгізіп, тәулік бойы қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректерді жолдап отыр. Ақпарат әр 20 минут сайын автоматты түрде түседі. Бұл Экология департаментіне шығарындылар көлемін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Деректер берілмеген, нормативтерден асып кеткен немесе өзге де заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, департамент мемлекеттік экологиялық бақылау шараларын дереу қабылдайды. Қазіргі таңда біз Павлодар мұнай-химия зауытының аумағында тұрмыз. Мұнда автоматтандырылған мониторинг жүйелері сәтті жұмыс істеп тұр.
Автоматтандырылған бақылау жүйесі кәсіпорындардағы экологиялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Павлодар мұнай-химия зауытында бүгінде осындай үш жүйе орнатылған.
Дамир Қожанов, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженер
Бізде барлығы үш автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған. Соның бірі битум өндіру қондырғысында орналасқан. Бұл жүйе 2025 жылы іске қосылды. Содан бері қоршаған ортаға шығарылатын ластаушы заттар туралы деректер тұрақты түрде жолданып келеді. Біз негізгі маркерлік ластаушы заттар бойынша ақпарат береміз. Олар – азот диоксиді, азот оксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, шаң және күкіртсутек. Нақты уақыт режимінде, яғни автоматтандырылған шығарындылар мониторингі жүйесін жүргізу қағидаларына сәйкес әр 20 минут сайын деректерді Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың ұлттық деректер базасына жібереміз.
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі өндіріс орындарының қызметін ашық етіп, экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық шешімдер қоршаған ортаны қорғауда маңызды рөл атқарады.
Дильназ Қуанышбекқызы