Павлодардағы музыка мектебінде балаларға арналған жазғы шығармашылық лагерь өз мәресіне жетті. Екі апта бойы оқушылар түрлі үйірмелерге қатысып, өнерлерін шыңдап, жаңа достар тапты. Лагерь қорытындысы концертпен түйінделіп, балалар үйренген өнерлерін көрермен назарына ұсынды.


Жазғы лагерь балалардың демалысын қызықты әрі пайдалы ұйымдастыруды мақсат етеді. Осы уақыт ішінде қатысушылар шығармашылық және танымдық бағыттағы түрлі шараларға қатысып, қабілеттерін дамытты. Қорытынды кеште қала мектептері мен Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары бір сахнада бас қосып, дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Жұлдыз Сағитова, Павлодар қаласы «құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің» домбыра сыныбының жетекшісі

Мұндай шаралар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, достық қарым-қатынас орнатуына, жаңа ортада өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз әр баланың жазғы демалысын қызықты, мазмұнды әрі есте қаларлықтай жағдай жасау.

Лагерге алты жастан он бес жасқа дейінгі елуге жуық оқушы қатысты. Олар ән айтып, би билеп, театрландырылған қойылымдар қойып, музыкалық шығармалар орындады. Әрбір нөмір олардың екі апта бойы жинаған тәжірибесі мен еңбегінің нәтижесін көрсетті.

Вероника Рязанова, лагерь қатысушысы

Мен бұл лагерьге бірнеше жылдан бері келемін. Мұнда уақыт өте қызықты өтеді. Біз ән айтып, би билеп, түрлі қойылымдар дайындаймыз. Мұғалімдер біз үшін бар күшін салады. Бүгін концертте үйренген өнерімізді көрсетеміз. Мен пианинода ойнағанды және ән айтқанды жақсы көремін.

Аврора Осокина, лагерь қатысушысы

Бұл лагерьде күн сайын жаңа тақырыптағы қызықты шаралар өтеді. Әртүрлі байқаулар, спорттық ойындар мен үйірмелер ұйымдастырылады. Осында келіп жаңа қабілеттерімізді байқап көруге мүмкіндік аламыз. Бүгін ата-аналарымызға осы уақыт ішінде не үйренгенімізді көрсетеміз. Сондай-ақ біздің суреттерімізден көрме де ұйымдастырылды.

Мұндай лагерьлер балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық қабілетін дамытуға және өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.


Сабина Жолдаспаева