Астанада өткен үш кездесуден кейін «Ертіс» футбол клубы қайтадан Павлодарда ойын өткізді. Бірінші айналымның соңғы турында жерлестеріміз Қызылорданың «Қайсарымен» кездесті. Аптап ыстыққа қарамастан, матчқа екі жарым мыңға жуық жанкүйер жиналды.
Ойын алдында турнирлік кестеде «Қайсар» павлодарлықтардан төрт ұпай алда тұрды. Оның үстіне «Ертіс» бір матчты кем өткізген еді. Сондықтан алаң иелерінде қарсыласына жақындай түсуге жақсы мүмкіндік болды.
Кездесу де сәтті басталғандай көрінді. Матчтың 15-минутында қонақтардың айып алаңындағы қарбаласта Руслан Юденков нәтижелі пас шығарып, шабуылшы Жан Морел По есеп ашты. Бұл оның биылғы маусымдағы төртінші голы.
Қонақтар араға көп уақыт салмай таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. Бірақ Әлияр Мұхамедтің соққысын «Ертістің» қақпашысы Мирас РИхард қайтарды.
Дегенмен бірінші таймның соңына қарай қызылордалықтар дегеніне жетті. 44-минутта НИкол ЦУцкич есепті теңестірді.
Екінші таймда төреші павлодарлықтардың қақпасына пенальти белгіледі. Алайда VAR жүйесі арқылы бейнеқайталауды қарап шыққаннан кейін бұл шешімнің күші жойылды.
Ал 65-минуттағы гол есепке алынды. Мирас РИхардтың қателігін тиімді пайдаланған СтЕфан БУкорац «Қайсарды» алға шығарды.
Матчтың соңына қарай Руслан Юденков есепті теңестіруге мүмкіндік алғанымен, сәтті пайдалана алмады. Қорытынды есеп – 2:1. «Ертіс» өз алаңында жеңіліп қалды.
Нұрбол Жұмасқалиев, «ертіс» ФК бас бапкері
Қысқаша айтсам, ең алдымен жанкүйерлерден өз атымнан кешірім сұраймын. Бұл жеңіліс үшін жауапкершілік толықтай менде. Кінәлі – бас бапкер, яғни мен.
Осы жеңілістен кейін «Ертіс» турнирлік кестеде 15-орынға, яғни соңғының алдындағы сатыға сырғыды. Қос команда 5 шілдеде өтетін 16-турда қайта кездеседі. Бұл жолы матч Қызылордада өтеді.
Сабина Жолдаспаева