Елімізде шілденің бірінші жексенбісі домбыра күні аталып өтеді. Бұл мерекенің ұлттық аспабымызды ұлықтап, мәдени мұрамызды насихаттаудағы рөлі зор. Соңғы жылдары домбыра үйреніп жүрген балалардың саны артып келеді. Тақырыпты тілшіміз жалғастырсын.
Бүгінде ұлттық өнерге бет бұрған өрендердің қарасы қалың. Түрлі үйірмелердің қатары көбейіп, жеткіншектердің қасиетті қара домбыраны үйренуге деген қызығушылығы күн санап артып келеді.
Батырбек Сарсебеков, домбыра үйірмесінің жетекшісі
Домбыраға балалардың қызығушылығы жақсы. Президентіміз өзі айтты ғой домбыраның мәртебесін көтеру керек деп. Содан кейін балалар қазір қуантарлық. Бұрында да болды енді, қазір жақсы, одан да көп келіп жатыр. Ниет білдіріп жатқандар көп үйренемін деп. Бізден басқа да бір үйірмелерге барады ғой. Сонымен ұштастырып, келіп жатқан балалар көп бізде.
Үйірмеге қатысатын талапты оқушылардың бірі – 10 жасар Алдияр Қаражанұлының бұл өнермен айналысып жүргеніне екі жылдан асты. Ол домбырада ойнауды Мұзафар Әлімбаев атындағы мектепте үйрене бастаған.
Алдияр Қаражанұлы, жас өнерпаз
Таңдауыма анам мен әкем әсер етті. Әкем «Жігітке жеті өнер де аз» деп айтатын. Содан кейін анам мені мектептегі домбыра үйірмесіне жазып қойды. Мектептегі ең алғаш ұстазым – Динара Сағымбайқызы Рахметова. Одан бөлек мен ағаммен Артспорт арқылы басқа домбыра үйірмесіне барып жүремін. Онда Батырбек ағай бірге сабақ береді. Осы екі ұстаздан мен домбыраның қыр-сырын үйреніп жүрмін.
Алдиярдың бойындағы өнерге деген құштарлықты ұстаздары да бірден байқаған. Тәжірибелі маман шәкіртінің зейіні мен еңбекқорлығына дән риза.
Батырбек Сарсебеков, домбыра үйірмесінің жетекшісі
Өте талабы зор, айтқанның бәрін тез қағып алатын бала, өте тәрбиелі бала, тәрбие көрген бала. Бұлжытпай орындайды үйге берген тапсырманың бәрін. Соның арқасында нәтижеге жетіп жатыр. Ризашылығымды білдіремін. Осы Алдияр, міне, өркені өссін. Үлкен бір азамат болсын дегім келеді. Небір шыңдарды бағындырып, биік сахналардан көрінсе деп өзім тілеймін.
Алдияр жақында ғана мектептегі ұстазы мен өнерлі достарымен бірге облыстық байқауда бақ сынап, бірінші орынға ие болды. Екі жыл ішінде кейіпкеріміз біршама күйді меңгеріп үлгерген.
Бүгінде кейіпкеріміз мектептегі оқуы мен үйірмені қатар алып жүріп, бос уақытын тиімді өткізуде. Алдағы уақытта тіс дәрігері болуды мақсат еткен ол, қасиетті аспапты жанына әрдайым серік ететінін айтады.
Жұлдыз Қабылденова