Павлодарда экологиялық акция ұйымдастырылып, еріктілер мен белсенді жастар Ертіс өзенінің жағалауы мен су бетін қоқыстан тазартты. Бұл шараның ерекшелігі- тазалау жұмыстары сап тақталардың көмегімен жүргізілді. Қатысушылар өзеннің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. 


Экологиялық акция барысында еріктілер пластик бөтелкелерді, пакеттерді және түрлі тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сап тақталары жағалауға жақындау қиын жерлерге жетуге мүмкіндік беріп, судың бетіндегі қоқысты тиімді тазартуға жағдай жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар табиғатты қорғауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

Русана Сулаймонова, «jasyl el» Павлодар облыстық штабының директоры

Біз осы өзен ішіндегі, жағалау жанында қоқысты жинаймыз. Қатысушылардың саны бүгінгі күні 60-70 адам. Біздің шарамызыға құқық қорғау органдары қатысып жатыр. Осындай керемет шара біздің қоршаған ортамызға өте пайдалы деп ойлаймын. Біздің қатысушыларымызға осындай формат ұнайды деп санаймын. 

Шара барысында қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлінді. Суға шыққан барлық қатысушы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етіліп, тәжірибелі нұсқаушылардың бақылауымен жұмыс істеді. 

Владимир Ключников, Павлодар сапсерфинг академиясының негізін қалаушы

Мен белсенді азаматтық ұстанымды қолдаймын. Сондықтан осындай пайдалы бастамалардан ешқашан шет қалмаймын. Бұл жолы да экологиялық акцияны ұйымдастыруға қолдау көрсетуді жөн көрдік. Өйткені жағалаудың кейбір жетуі қиын жерлерінде қоқыс көп жиналады және оны құрлықтан тазарту оңай емес. Біз өз тарапымыздан сап тақталарын ұсынып, судағы жұмысты ұйымдастыруға көмектестік. Осындай игі істер арқылы өзгелерге үлгі болып, адамдарды табиғатты аялауға және өздерінен кейін қоқыс қалдырмауға шақырғымыз келеді.

Сап тақталарының көмегімен жағалауға жақын, қол жетуі қиын аумақтардағы қоқыс жиналып, өзеннің су беті мен жағалауы тазартылды. 


Сабина Жолдаспаева