Конституцияға енгізілген жаңа ереже бойынша, құқық қорғау органдары күдіктіні ұстаған бойда оған заңды құқықтары мен тағылған айыптарын нақты түсіндіруі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, кейінгі жүргізілген тергеу амалдары заңсыз деп танылады. Аталған халықаралық стандарттың қоғам мен құқықтық жүйеге берер пайдасы қандай? Тілшіміз сала маманынан сұрап білді.
Сіз үнсіз қалуға құқылысыз; айтқан сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін; сізден жауап алуға адвокатыңыз бірге қатыса алады; адвокат қызметін қалтаңыз көтермесе, мемлекет өз есебінен ұсынады. Бізге шетелдік фильмдер арқылы таныс осы сөздерді енді қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдіктіні ұстаған кезде айтуға міндетті. Жаңа Конституцияның 18-бабына сәйкес, әрбір азаматқа ұсталған сәтте оның бостандығын шектеу негіздері және құқықтары түсіндіріледі.
Нұржан Букенов, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты
Құқық қорғау органдары адамды ұстау барысында міндетті түрде оның бастапқы негізгі құқықтарын түсіндіруі керек. Бұрында заңда көзделген ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінде осы құқықтар негізі жазылған. Бірақ Конституция оған, қалай айтсам, баса назар аударып, осы адамға жедел түрде, басынан бастап осы құқықтарды білуге тиіс екендігін ойлағаннан кейін, осы норманы көздеген. Ойлаймын енді жақсы болады егер осы адамдардың құқықтарын түсіндірсе.
Бұған қоса, адвокатура мәртебесі Конституцияда жеке баппен бекітілді. Бұл жаңашылдық адвокаттардың мүмкіндіктері мен рөлін заң жүзінде айқындап, мемлекеттің негізгі институттарының бірі ретінде танытады. Қорғаушы мәртебесінің артуы – басына іс түскен азаматтың өз құқықтарының әділ қорғалатынына сенімін нығайтады.
Нұржан Букенов, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты
Бұрынғы Конституцияда адвокаттар адвокатурасына байланысты бөлек бап болған жоқ. Осы жаңа Конституциясында 86-бап көзделген. Онда жазылған адвокатура басқа мемлекеттік органдармен осы ҚР азаматтарына, оларға құқықтарын түсіндіру мәселесі бойынша, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға үлес қосатыны жайында көзделген.
Түйіндей келе, Конституцияға енгізілген бұл өзгерістер елдегі құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған. Азаматтардың заңды мүдделерін қорғау тетіктерін күшейту мемлекетте әділ сот төрелігіне және адам құқықтары мен қадір-қасиетінің ең жоғары құндылық ретінде сақталуына берік кепіл болмақ.
Жұлдыз Қабылденова