Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесі – елдің тұрақты дамуының негізі» деп бұл саланың стратегиялық маңызын айрықша атап өткен болатын. Күн сайын мыңдаған малдың саулығын бақылап, қауіпті індеттердің алдын алатын ветеринар мамандарының еңбегі – қоғам денсаулығының да кепілі. 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күніне орай Павлодар облысында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды.
Мал саулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ветеринар мамандарының еңбегі көзге көп көріне бермейді. Алайда әрбір ауылдық округте олардың жұмыс күні ерте басталады. Клиникалық тексеру, вакцинация, биологиялық сынамалар алу және алдын алу шаралары – күнделікті атқаратын міндеттері. Қазір Павлодар облыстық ветеринариялық станциясында 580 маман еңбек етеді. Олар 13 аудандық ветеринариялық станция мен 127 ауылдық округке қызмет көрсетеді.
Әйгерім Қабылтаева, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Құрметті ветенария саласының қызметкерлері мен ардагерлері сіздерді кәсіби ветенериялық қызметкерлер күнімен облыс әкімдігінің және өзімнің атымнан құттықтаймын. Ветеринария бұл тек мамандық емес, бұл үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін аса жауапты сала. Көнеден келе жатқан медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді деген қанатты сөз сіздердің атқарып отырған істеріңіздің ауқымы мен ауқымдылығын дөп басып көрсетеді. Павлодар облысы аграрлық және мал шаруашылығы қарқанды дамыған аймақтардың бірі болып есептеледі. Біздің өңірдегі эпизотикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, азық түлік қауіпсіздігін сақтау және халық денсаулығын қорғау тікелей сіздердің біліктіліктеріңіздің, өз істеріңізге деген алдықтарыңыздың нәтижесі.
Өңірде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл облыс бойынша 6 миллионнан астам ветеринариялық-профилактикалық манипуляция жүргізіліп, 1 миллионнан астам биологиялық сынама алу жоспарланған. Ал облыстық ветеринариялық зертхана филиалының құрамындағы 11 аудандық зертханада 89 жоғары білікті маман қызмет етеді..
Асылтас Тілеубаев, Павлодар облысы ветеринария басқармасының басшысы
Біз осы ветенария мерекесін 3 жыл тойлап жатырмыз. Бұрын біз ауылшаруашылық мерекесімен бірге тойлайтын едік. Биыл осы міне осы іш-шараны өткізу бұйырыпты барлығын осы мерекесімен құттықтаймын. Облыс бойынша 127 ветеренарлық пункт бар ауылдық округтерде. Ал 127 ветеринарлық пункте 560 ветериналдық маман еңбек етуде.орташа жалақы 250 мың. 2027 жылы еңбек ақы өсу жоспарымызда бар.
Салада тек профилактикалық жұмыстар ғана емес, материалдық-техникалық базаны жаңарту ісі де қарқын алған. Биыл ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға 2 миллиард 376 миллион теңге бөлініп, 88 ветеринариялық нысанды сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар жаңа ветеринариялық пункттер салынып, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Мерекелік шарада ветеринария саласының ардагерлері мен үздік мамандары да марапатталды. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы өңірдің эпизоотиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып келе жатқан мамандар бар. Сала өкілдерінің айтуынша, ветеринардың еңбегі жылдың төрт мезгілінде де тоқтамайды.
Бүгінде Павлодар облысының ветеринарлары мал денсаулығын қорғаумен қатар, халықтың санитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де зор үлес қосып келеді. Кәсіби мерекеде олардың еңбегі лайықты бағаланып, үздік мамандарға мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Дильназ Қуанышбекқызы