Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылы Қазақстанның 2026 жылғы үздік туристік ауылдарының қатарына енді. Ел бойынша ұйымдастырылған «Үздік туристік ауыл» ұлттық байқауының қорытындысы жарияланып, Торайғыр еліміздегі ең үздік бес туристік ауылдың бірі деп танылды.


Жоба ауыл туризмін дамытып, табиғи, тарихи және мәдени мұраны насихаттауға бағытталған.Торайғыр ауылының үздіктер қатарынан көрінуі өңірдің туристік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Ауыл көркем табиғатымен, Торайғыр көлімен, Баянауылдың ерекше тау-жоталарымен және демалыс орындарымен танымал. Жыл сайын бұл өңірге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де туристер келеді.

Ғабдуламәлік Ыбырай, Торайғыр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы

Торайғыр ауылы 1960 жылдары құрылған ауыл. Қазір Қазақстанның беделді туристік аймақтарына еніп отыр. Торайғыр ауылында кейінгі бес жылда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Мұнда көптеген қонақ үйлер, демалыс үйлер салынып жатыр. Көлдің жағалауында туристерге арналған қонақ үйлер бой көтеріп жатыр. Туристер жан жақтан келеді. Шетелден, Қарағанды, Павлодар, Астана қаласынан жиі келеді. Қазір демалушалар саны өте көп. Туристер келіп көлге түседі, тауға шығады. Суы таза. «Әулие бұлақ» деген бұлақ бар таудың етегінде «Сәкен шыңы» қасында. Сол бұлақтан көлге су ағады, көліміз таза болып тұрады содан.

Мамандардың айтуынша, мұндай жетістік өңірдің туристік тартымдылығын арттырады. Ауыл инфрақұрылымын дамытуға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді.

Ғабдуламәлік Ыбырай, Торайғыр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы  

Табиғаты өте әсем мына жақта. Таулардың бет жағы әдемі. «Сәкен шыңынан» басқа да «Жеті ағайын», «Торайғыр тасы», ең үлкен «Ақбет» тауы, «Дулат» тауы бар. Сол таулардың әсемдігімен кіріп тұр. Бұның арқасында туризм де дамиды келешекте. Туристердің көп келуі де ықтимал, осының арқасында танылып жатырмыз. Шетелден көптеген блогерлер келіп, түсіріп жатады. 

Биыл ұлттық байқаудың қорытындысы бойынша үздік туристік ауылдар қатарына Павлодар облысындағы Торайғырмен қатар Жетісу облысындағы Басшы, Шығыс Қазақстандағы Берел мен Коробиха, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау ауылдары енді.


Сабина Жолдаспаева