9 шілдеде Қазақстанда Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Тұтас өңірді сумен қамтып отырған мамандардың күнделікті жұмысы туралы келесі сюжеттен көрейік.


Су – ең құнды табиғи ресурстардың бірі. Оның үйлерге, егістік алқаптары мен өнеркәсіп орындарына үздіксіз жеткізілуін су шаруашылығы мамандары күн сайын бақылап отырады. Павлодар облысындағы «Қазсушар» кәсіпорны бір уақытта бірнеше маңызды нысанның жұмысын қамтамасыз етіп отыр.

Серік Мұстафин, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК Павлодар филиалы пайдалану бөлімінің бас маманы

«Біздің қарамағымызда алты нысан бар. Біз халықты ауыз сумен қамтумен, сондай-ақ Май ауданы, Екібастұз және Ақтоғай ауданына табиғатты қорғау мақсатында су жібереміз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің егістік алқаптарын тұрақты суармалаумен айналысамыз. Бұған қоса, Екібастұз ГРЭС-2-нің реакторларын салқындатуға қажетті техникалық суды да біз жеткізіп отырмыз.» 

Мамандар күн сайын облыстың бірнеше ауданындағы өндірістік телімдердің жұмысын үйлестіріп, гидротехникалық қондырғылардың жарамдылығын қадағалайды және судың берілуін бақылайды. Спикердің айтуынша, соңғы жылдары еңбек жағдайы жақсарып, саланың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылған.

Серік Мұстафин, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК Павлодар филиалы пайдалану бөлімінің бас маманы

«Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы бері көптеген оң өзгерістер орын алды. Біріншіден, жалақы өсті, арнайы техникалар берілді. Салаға өзімізге аса қажет болған көптеген жас маман келді. Бұған дейін бізде жергілікті жерде тікелей жұмыс істейтін мамандар тапшы болатын. Бұл жұмыс нәтижесіне де әсер етпей қоймады. Жеке министрлік пайда болғалы бұл мәселелер өз шешімін тапты. Қазір нысандарымызда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, бұл – суды үнемдеуге, фильтрацияны жақсартуға және судың ысырап етпеуге мүмкіндік береді. Көрсететін қызметіміздің сапасы артты, алдағы уақытта да өсе түспек.» 

Судың әрбір текше метрін үнемдеу үшін салаға біртіндеп заманауи технологиялар енгізілуде. Жаңа жүйелер суды тиімді пайдалануға айтарлықтай септігін тигізеді. 

Серік Мұстафин, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК Павлодар филиалы пайдалану бөлімінің бас маманы

«Заманауи технологиямыз – су буланып кететін арықтар мен ашық каналдардың орнына жабық құбырларды қолдану. Солардың арқасында су үнемделеді. Сонымен қатар, суды дәл есептеп, тиісті талдаулар жүргізуге мүмкіндік беретін ультрадыбыстық шығын өлшегіштерді пайдаланамыз. Ал егістігін суаратын серіктестіктер қазір заманауи суару машиналарын қолданады. Бұл қондырғылар бастапқыдан-ақ судың барынша аз шығындалуына негізделген.» 

«Қазсушар» кәсіпорнының Павлодар филиалында 90-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Дәл осы мамандардың күнделікті қажырлы еңбегі облыс тұрғындарын, шаруалар мен өндіріс орындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Олардың жұмыстары тек су жеткізумен шектелмей, жұртшылықтың экологияғын мәдениетін арттыруға да үлес қосып келеді. Осы мақсатта акциялар жиі ұйымдастырып, тұрғындарды әр тамшы суды қадірлеп, үнемдеп жұмсауға шақырады.



Жұлдыз Қабылденова