Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір әкімі Асайын Байхановпен бірге Екібастұз қаласындағы бірқатар ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорынды аралады.
Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, Үкіметтің жіті бақылауымен аймақтағы ірі өндіріс орындарына инвестиция тарту, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын – «Богатырь Көмір» ЖШС қызметімен танысты.
Бұдан бөлек, премьер министрдің орынбасары «Самұрық Энерго» АҚ жұмысымен танысты.
Нұрлыбек Нәлібаев жоспарланған барлық іс-шараны уақтылы орындау, жабдықтарды жаңарту және жылумен жабдықтау жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз жылу электр орталығындағы «Energy Solutions Center» ЖШС жаңғыртып жатқан станса қызметін және «70/30» бағдарламасы аясында генерациялау қуаттарын арттыруға бағытталған инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын қарады. Сапар аясында Үкімет мүшелерінен құралған делегация Railways Systems KZ тобының кәсіпорындарын аралап көрді. БҰл – теміржол көлігін жасайтын Қазақстандағы ең ірі холдинг. Кәсіпорын ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін ТМД және ЕАЭО елдеріне де экспорттайды.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Mineral Product International» ЖШС, «Kazferro Limited» ЖК және «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС жүзеге асырып жатқан ферроқорытпа өндірістерін салу жобаларымен танысты. Аталған жобаларды жүзеге асыру металлургия саласындағы өнім өндірісін едәуір ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретініне назар аударылды.
Сонымен қатар жалпы құны 330 млрд теңгеден асатын жаңа ферроқорытпа өндірістерін салу жобасы да қаралды. Кәсіпорындар жобалық қуатына шыққаннан кейін жылына шамамен 460 мың тонна ферроқорытпа өндіретін болады. Нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз МАЭС-2, МАЭС-3 стансасына барып, өңірдің энергетикалық әлеуетін айқындайтын жобалармен танысты.
Нұрлыбек Нәлібаев энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Ол барлық жобаны уақтылы жүзеге асыру, жаңа энергетикалық нысандар құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау және өндірістік қуаттарды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.
Самал Қалиқызы