Өңірде табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылып, ерікті құтқару бөлімшелері құрылуда. Сонымен қатар орман алқаптарында бақылау күшейтіліп, өрт ошақтарын ерте анықтауға бағытталған заманауи технологиялар қолданылып жатыр.
Шалғай ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірде 80 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Биыл тағы 18 жаңа бекет ашылып, 16 қолданыстағы нысанды жаңғырту жоспарланған. «Ауыл құтқарушылары» бөлімшелері де төтенше жағдай кезінде өз тиімділігін көрсетіп келеді.
Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары
«Ауыл құтқарушылары» жобасы өртке қарсы қызмет жоқ шалғай елді мекендерде іске асырылып жатыр. Қазір облыста осы бағдарлама аясында 9 өрт сөндіру пункті ашылды. Биыл тағы 32 елді мекенді осындай қорғау жүйесімен қамту жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар модульдік өрт сөндіру деполарын салып, арнайы техникамен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді.
Өңірде өрт қауіпті кезең басталғалы бері 63 орман өрті, 2 ірі дала өрті және 35 дала жануы тіркелді. Жалпы өрт шарпыған аумақ шамамен 1 мың 700 гектарды құрады.
Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары
Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында облыс бойынша мыңнан астам рейд ұйымдастырылды. Соған қарамастан, ауа температурасының +35 градусқа дейін көтерілуіне байланысты орман өрттерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артты. Орман өрттерінің негізгі себебі найзағай секілді табиғи құбылыстар.
Орман өрттері кезінде жедел әрекет ету үшін арнайы резервтік топ құрылған. Оның құрамына жол талғамайтын 35 техника мен 132 маман енгізілген. Өрт ошақтарын ерте анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылып, орман алқаптары бейнекамералар арқылы тәулік бойы бақылауда.
Шамиль Елюбаев, Павлодар облыстық орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы
Қазір «Ертіс орманы» резерватында өртті ерте анықтау жүйесі сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бұл жүйе Баянауыл ұлттық табиғи паркінде де енгізіледі. Бұдан бөлек, облыстағы үш коммуналдық орман шаруашылығында түтінді дер кезінде анықтайтын 17 арнайы бақылау жүйесі орнатылған.
Биыл өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 миллион 250 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Сабина Жолдаспаева