Қазақстанда мемлекеттік тілдегі әдебиетке деген қызығушылық артып келеді. Соңғы бір жылда кітапхана қорлары 906,5 мың жаңа басылыммен толықты. Қазақ тіліндегі әдебиеттер қорының өсімі бойынша Павлодар облысы 47 пайыздық көрсеткішпен елімізде көш бастап тұр.

Қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Соңғы бір жылда еліміздегі көп кітапханалар оқырмандарына 88,9 миллион құжат ұсынса, соның 53,4 миллионы немесе 60,1 пайызы қазақ тіліндегі басылымдар болған. Бұл үрдіс Павлодар өңірінде де айқын байқалады. Облыстық кітапхана қорындағы қазақ әдебиеті мен ғылыми-танымдық еңбектер оқырман тарапынан жоғары сұранысқа ие.

Баршагүл Байжанова, С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхана басшысының орынбасары 

Біздің оқырмандар облыс бойынша Қ.Жұмадиловтың шығармаларын көп оқиды. Және Қазақстанның классиктерін көп оқиды. Философия, тарих, өлкетану сынды кітаптар сұранысқа ие. 

Оқырман талғамының өзгеруі кітапхана статистикасынан да байқалады. Күнделікті мұнда орта есеппен 100-150 адам келсе, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 60-70 оқырманның шамасында. Соған қарамастан қазақ тіліндегі кітаптарға деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Жыл бойы кітапханадан 30 мыңға жуық қазақ тіліндегі кітап оқырман қолына беріледі. Сонымен қатар кітапхана ұжымы түрлі мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастырып, кітап оқуды насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Баршагүл Байжанова, С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхана басшысының орынбасары

27-28 маусым күндері Астана қаласында Олжас Сүйлейменовтың Я знаю кітабының таныстырылымы өтті. Осы кітап Павлодар облысы әкімінің қолдауымен шықты. 5000 данадан шығарылымы. Осы кітап туралы Астана қаласының тұрғындары, жастары кітаппен танысып,көп мәлімет алып, кітаппен танысым өтті. 

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тілдегі әдебиет қорын толықтыру, жаңа кітаптардың тұсаукесерін өткізу және оқырманға сапалы туындыларды насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастамалар қазақ тіліндегі кітаптардың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға да серпін береді.

Дильназ Қуанышбекқызы