Павлодарда биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 4 мың ваучер бөлінді. Жаңа жүйе арқылы мемлекет бөлетін қаржы балаға бекітіледі. Яғни, ата-ана ваучерді өзі таңдаған балабақшаға пайдалана алады.
Ваучерлер алдымен жеңілдік санатына жататын отбасылардың балаларына беріледі. Ал қалған ата-аналар электронды жүйе арқылы кезекке тұрып, бос орын ашылған кезде жолдама алады. Ваучер берілгеннен кейін ата-аналар тек баланың тамақтануына ақы төлейді. Қалған шығындардың барлығы мемлекет тарапынан ваучерлік қаржыландыру есебінен өтеледі.
Гүлбаршын Алтыбасарова, Павлодар қаласы білім беру бөлімі мектепке дейінгі мекемелер секторының бас маманы
Ваучер берілгені туралы хабарлама «Балабақша смарт нэйшон» жүйесіндегі ата-ананың жеке кабинетіне жіберіледі. Сондықтан алдымен жүйеде міндетті түрде тіркелу қажет. Хабарлама келгеннен кейін ата-аналарға ваучерді алуға келісімін растау үшін екі жұмыс күні беріледі. Ал баланы балабақшаға рәсімдеуге бес күн уақыт қарастырылған. Жүйеде екі түрлі қызмет бар. Біріншісі- кезекте тұрған және әлі балабақшаға бармайтын балаларға ваучер беру. Екіншісі -қазірдің өзінде балабақшаға барып жүрген балаларды күту парағы арқылы басқа мекемеге ауыстыру. Бұл екі жағдайда рәсімдеу тәртібі әртүрлі. Балабақшаға алғаш баратын балалар медициналық тексеруден өтіп, қажетті құжаттарын тапсыруы керек. Ал қазір барып жүрген балалар тек ауыстыру рәсімінен өтеді.
Мамандардың айтуынша, жаңа тәртіп қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ата-аналар өздеріне қолайлы балабақшаны еркін таңдап, мемлекеттік қаржыландыруды сол мекемеге бағыттай алады.
Гүлбаршын Алтыбасарова, Павлодар қаласы білім беру бөлімі мектепке дейінгі мекемелер секторының бас маманы
Ата-аналар әр балабақшада балаларды қабылдау мерзімі әртүрлі болатынын ескергені жөн. Мысалы, кейбір мектепалды топтарында орын тек тамыз айының басында босайды. Ал егер қазіргі уақытта бос орын болса, бала бірден балабақшаға қабылданады.
Кезек 21 басымдық санаты бойынша қалыптастырылады. Артықшылық алдымен бес жастағы әскери қызметшілердің балаларына, мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасылардың балаларына беріледі.
Сабина Жолдаспаева