Кезінде қала көркін арттыру мақсатында түрлі түске боялған Катаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бүгінгі келбеті көңіл көншітпейді. Араға көп уақыт салмай-ақ қасбеттегі бояу қабыршақтанып түсіп, ғимараттардың сыртқы көрінісі тозған. Тұрғындар бұл жағдай үйдің сәнін кетіріп қана қоймай, қауіпсіздігіне де алаңдайтынын айтады. Толығырақ Сабина Жолдаспаева баяндайды.

Бұл Катаев көшесіндегі үйлердің бүгінгі көрінісі. Бірнеше жыл бұрын ғана жаңартылған қасбеттердің бояуы қазір әр жерінен үгіліп, қабырғаларда түсіп қалған бөліктер анық байқалады. Бір кездері көшеге ерекше сән берген түрлі түстердің орнын бүгінде тозған келбет басқан.

Сабина Жолдаспаева, тілші

Міне, қызыл, көк, жасыл түске боялған бұл үйлер бір кездері Катаев көшесінің сәніне айналған еді. Алайда уақыт өте келе сыртқы қабырғалардағы бояу үгіліп, кей жерлерде толықтай түсіп қалған. Қазір қасбетке қараған адамның көзіне ең алдымен жарылған әрі қабыршақтанған бояу түседі. Кейбір тұрғындардың айтуынша, жаңарту жұмыстары сапасыз жүргізілген.

Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ. Олар қасбеттерді уақытша әрлеумен шектелмей, сапалы жөндеу жүргізіліп, үйлердің сыртқы келбеті толық қалпына келтірілсе дейді.

Мария Исаева, тұрғын

Қазір үйдің жағдайы өте көңілсіз. Қасбеттің мұндай күйі көшенің көркін ғана емес, тұрғындардың да көңіл күйіне әсер етеді. Қабырғалардың бастапқы түсі де көрінбейді. Алғашында өте әдемі, жарқын болатын. Боялғанына да көп уақыт өткен жоқ. Неге бұлай болғанын білмеймін. Бұл мәселеге жауаптылар назар аударып, ескі бояуды толық алып тастап, жаңадан сапалы етіп сырласа екен дейміз.

Наталья Никора, тұрғын 

Үйлер сапасыз боялған. Көктемнің өзінде-ақ бояу қабыршақтанып түсе бастады. Жазда кей жерлерін қайта бояп көрді, бірақ бұл сыртқы көріністі өзгерткен жоқ. Сонымен қатар, үйдің ішкі жақ қабырғалары мүлде сырланбаған. Осы мәселе шешіліп, үйлердің келбеті ретке келтірілсе екен деген өтінішіміз бар.

Аталған мәселеге қатысты Павлодар қаласы әкімдігіне сауал жолдадық. Әзірге жауап алынған жоқ.


Сабина Жолдаспаева