Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде сатылатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін жіті тексереді. Жыл басынан бері департаменттің аумақтық басқармалары 1 378 өнім үлгісін іріктеп алып, сараптамадан өткізді. Тексеріс нәтижесі қандай? Талапқа сай емес тауар саудалаған кәсіпкерлерге қандай жауапкершілік қарастырылған? Әріптесім тарқатады.
Тексерілген өнімдердің 867-сі – азық-түлік, ал қалған 511-і – азық-түлікке жатпайтын тауарлар. Сараптама нәтижесі бойынша барлығы 429 өнім үлгісінен бұзушылықтар анықталып, олардың талаптарға сай емес екені белгілі болды.
Тексеріс қорытындысы бойынша, талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді сауда айналымынан алу және кері қайтару туралы нұсқамалар берілді. Сонымен қатар, заңнама талаптарын бұзған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
Мамандар мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің жарнамалануын да ерекше назарда ұстап отыр. Осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жасалады. Жыл басынан бері әлеуметтік желідегі 45 аккаунт тексеріліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша жарнама таратушыларға 11 ұсыным хат жолданды. Бүгінде бұл ескертулердің барлығы толық орындалған.
Жұлдыз Қабылденова