Сенбілікті ерекше форматта өткізуді көздеген павлодарлықтар бұл жолы тазалық жұмыстарын тимбилдингпен ұштастырды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қалалық бақта «EcoLife» экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қала тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындардың басын қосқан шараға біздің түсірілім тобы да куә болды.


Іс-шараға қатысушылар алдымен қалалық бақ аумағын қоқыстан тазартты. Жиналған қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жарайтын бөлігі арнайы орындарға жіберілді. Кейін қатысушылар бірнеше шығармашылық және танымдық алаңда бас қосты. Олар ағаштан жасалған құс ұяларын бояп, тұрмыстық қалдықтардан пайдалы бұйымдар жасауды үйренді. Сонымен қатар экологиялық квестке қатысып, спорттық эстафетада бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Тамирис Бесеенова, Павлодар облысы волонтерлер өңірлік фронт-офисінің жетекшісі

Жалпы біз экологиялық бағытта жұмыс жүргіземіз. «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, экологиялық квестер, экологиялық үстел ойындары, аумақтарды тазалау сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Қалалық бақты таңдаған себебіміз – бұл көптеген адамдар демалатын, түрлі іс-шаралар өткізетін орын. Мұнда адамдар серуендейді, әртүрлі аттракциондар бар. Сондықтан біз де бұл орынды қолдап, дәл осы жерде іс-шара өткізуді жөн көрдік. Осындай шараларды жағалауда, Усолка шағын ауданында және басқа да орындарда ұйымдастырып келеміз. 

Экологиялық акцияға еріктілер, мектеп оқушылары мен студенттер, ұстаздар, жұмысшы мамандықтарының өкілдері және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олардың барлығын біріктірген ортақ мақсат – туған қаланың тазалығына өз үлесін қосу.

Александр Александров, Павлодар облысы ҚР ҰҚК шекара қызметі департаментінің әскери қызметшісі

Біз шақыртуды қабыл алып, осы шараға қатысуға келдік. Мені де, әріптестерімді де қаламыздың тазалығы алаңдатады. Менің ойымша, біздің қаламыз – өз үйіміз сияқты. Біз тек өз үйіміздің ғана емес, қаламыздың да тазалығына жауаптымыз. Әр адам қай жерде жүрсе де тазалық сақтап, өзінен кейін жинап жүруі керек. Өз ісімен өзгелерге үлгі болып, тәртіптің маңызын көрсетуі қажет.

 Бүгінде Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанында 80-нен астам ерікті белсенді жұмыс істейді. Олардың бастамасымен өңірде экологиялық акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ұйымдастырушылар мұндай шараларға қатысатын тұрғындардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын айтады.

Дильназ Қуанышбекқызы