Төрткіл дүние назарын футболдан әлем чемпионаты өзіне аударған шақта, павлодарлық жасөспірімдер де жасыл алаңға шығып, аулааралық футбол лигасының алғашқы ойындарын бастап кетті. Аяқдоп додасының ерекшелігі мен өту барысы туралы – алдағы сюжетте.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және өзара достық қарым-қатынасты арттыруына бағытталған «Сенімен Турнир» атты футбол жарысы дәстүрлі түрде бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Кезекті дода №48 мектептің футбол алаңында өтті.
Шараның тәрбиелік мәні де жоғары. Турнир ережесі бойынша, қатысушыларға балағат сөздер айтуға тыйым салынады. Сондай-ақ жас спортшылар алаңға шықпас бұрын және ойын аяқталғаннан кейін футбол алаңын өздері тазалайды. Осындай тәртіп пен ерекше ереже арқасында лигаға қызығушылық жыл сайын артып, қазір 500-ден астам бала бақ сынауда.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалармен қоса, шеберліктерімен көзге түскен футболшылар да марапатталып, оларға MVP, яғни үздік ойыншы атағы беріледі. Осылайша, әрі лига ойындарының, әрі кубок бәсекесінің кіл мықты сұрмергендері анықталады.
Бақтияр Ақан, «Рахат» командасының ойыншысы
«Мен осы «Сенімен болашақ» турниріне 4-ші рет қатысып отырмын, «Рахат» командасынан боламын, біздің командамызда – 10 бала. Жалпы турнир жақсы, турнир бізді жаман әдеттерден сақтайды. Өткен ойынды біз 3-3 нәтижесімен бітірдік «Атамекен» командасымен, енді қазір «Достық» командасымен ойнаймыз.»
Нұрали Оразбек, «Достық» командасының ойыншысы
«Достық» командасында ойнаймыз, мен қорғаушы болып ойнаймын. Балалармен танысып, осы турнирге қатыстық. Турнир жақсы, даже керемет деп айтуға болады. Жаңа балалар, коллектив жақсы. Организатор керемет деп айтуға болады. Бәрі жақсы, маған ұнады. Бірінші ойынды біз 2-1 есеппен жеңіп алдық»
Айта кетейік, бұл турнир – «Сенімен Болашақ» бірлестігінің ауқымды жобаларының бірі ғана. Ұйымның негізгі мақсаты – елімізде саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру және ұрпақ тәрбиесіндегі қоғамдық жауапкершілікті күшейту. Осы бағытта бірлестік ата-аналар мен түрлі маманның басын қосып, азаматтық сананы дамыту жолында жұмыс істейді. Мұның бәрі ұлттық болмысымызды сақтай отырып, саналы, жауапты әрі дені сау ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Жұлдыз Қабылденова