Железин ауданындағы Веселая роща ауылының құрылғанына 110 жыл толды. Айтулы мерейтойға ауыл тұрғындары, әр жылдары осы жерде тұрған азаматтар мен қонақтар жиналды. Мерекеде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, спорттық жарыстар, жәрмеңке, ұлттық ойындар мен бәйге өтті. 


Мерейтой ауыл жұртшылығының басын қосқан ерекше күн болды. Салтанатты шараға Железин ауданының әкімі қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ол Веселая рощаның дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына алғысын білдіріп, ауылдың алдағы жоспарларына тоқталды.

Мереке барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және Веселая роща ауылының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ ауылдың дамуына еңбек сіңірген ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.  

Мерекелік алаңда ән мен күй шырқалып, өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, тұрғындар ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарды тамашалады. Жәрмеңкеде жергілікті өнімдер ұсынылып, ауыл тұрғындары мен қонақтары мерекені бірге атап өтті.

Соңғы жылдары Веселая роща ауылында бірқатар игі жұмыстар атқарылған. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңартылды. Аудан әкімінің айтуынша, келесі жылы ауылда ашық аспан астындағы тренажерлар мен воркаут алаңы салу жоспарланып отыр. Тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар ауылдың көркеюіне және жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. 


Сабина Жолдаспаева