Жазғы демалыс – балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа достар тауып, қызықты уақыт өткізетін кезең. Алайда осы уақытта олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Павлодар облысында жұмыс істеп тұрған 11 лагерьде қауіпсіздік талаптарын сақтау басты назарға алынған. Осы мақсатта Баянауыл ауылындағы лагерлерде өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмі және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында «Қарлығаш», «Жасдәурен», «Балдәурен» балалар сауықтыру лагерьлерінде өрт қауіпсіздігі талаптары, жазғы кезеңде сақталуы тиіс қауіпсіздік қағидалары, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде жасалатын алғашқы іс-қимылдар жөнінде арнайы оқыту сабақтары өткізілді. Мамандар күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу жолдарын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын жан-жақты баяндады.
Әйгерім Жапалбай, Павлодар облысы ТЖД инженері
Осындай іс-шаралардың ішінде су айдынындағы қауіпсіздік ережелері, өрт қауіпсіздігі қағидалары, балалардың терезден құлау фактілерін алдын алуға бағытталады. Сондай-ақ, алғашы медициналық, дәрігерге дейінгі көмек туралы түсіндіріліп айтылады. Балалрдың жазғы уақытта қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағыталған болып табылады.
Шара барысында Қазақстан Қызыл Ай қоғамының Павлодар облыстық филиалының мамандары алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын да өткізді. Олар түрлі жазатайым жағдайларда жарақат алған немесе адамның жағдайы күрт нашарлаған кезде алғашқы көмекті дұрыс әрі уақытылы көрсетудің маңызын түсіндірді. Бұл алғашқы сәтте бірден әрекет ету дағдыларын қалыптастырып, адам өмірін сақтап қалуға қажетті тәжірибе береді.
Гүлнар Исақанова, «Қызыл ай қоғамы» Павлодар облыстық филиалының директоры
Өз тарапымыздан шеберлік сағат өткіздік. Жазғы кезде балаларда көбінесе мұрыннан қан кету болады, басқа да травмалар алады. Сол кезде қалай өздеріне және қасындағы зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету.
Сонымен қатар балалар өрт сөндіру техникасы, арнайы құрал-жабдықтармен жақыннан танысу мүмкіндігіне ие болды. Тәжірибелік сабақтар барысында құтқарушылардың жұмыс ерекшеліктері көрсетіліп, өрт кезінде қолданылатын заманауи техникалардың қызметі таныстырылды. Қатысушылар қауіпсіздікке қатысты пайдалы кеңестер алып, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын тәжірибе жүзінде пысықтап көрді.
Әйгерім Жапалбай, Павлодар облысы ТЖД инженері
Балаларға осындай шаралар қызық болып табылады. Себебі, әртүрлі форматта жүргізіледі. Дәріс түрінде, түрлі маникендерде көрсетіледі. Балаларға өте қызық
Айта кетейік, облыста барлығы 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бүгінде оларда осындай профилактикалық шаралар өткізіліп, қауіпсіздік талаптары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Мұндай іс-шара жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз демалуына жағдай жасап, қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосады.
Қымбат Садық