Павлодарлық кардиохирургтар 37 жастағы пациенттің өмірін сақтап қалды. Медициналық мамандардың алдына жай ғана ентігумен келген науқастың жағдайы тексеру кезінде мүшкіл екені анықталды. Дер кезінде ота жасалып, науқастың өмірі құтқарылды.
Владислав Сидоренко Павлодар қаласының тұрғыны. Автоэлектрика саласында жұмыс істейді. Туа біткен жүрек ақауы бар. Соңғы жылдары сырқаты мазаламай, оны тіпті ұмыта бастаған. Бірақ биыл көктемде ентігу пайда болып, жүрек тұсы қысып, содан дәрігерге жүгініпті.
Владислав Сидоренко, емделуші
Алғашқы белгісі ентігу болды. Бастапқыда ақырын басталып, кейін ушыға берді. Жағдайым қиындай түсті. Бронхит деп ойладым. Түнде екі сағат қана ұйықтайтын жағдайға жеттім. Бәрі өте тез болып қалды. Содан дәрігерге жүгініп, ЭКГ түсіріп, бірден мені аурухана жатқызды. Осыған дейін ешқашан денсаулығыма шағымданған емеспін, бәрі жақсы деп ойлайтынмын.
Пациенттің аортасы 8 см-ге ұлғайып кеткен. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, емделуші былай отырмас па еді. Оған ауырлығы 5 деңгейлі күрделі ота жасалды.
Мұрат Райханов, Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі
Кардиоорталықта қосымша тексеру нәтижесінде пациентке IV дәрежелі тотальді аорталық жеткіліксіздік және көлемі 8 см-ге дейін жеткен қолқа тамырының жоғарылайтын бөлігінің алып аневризмасы диагнозы қойылды. Қалыпты мөлшері 2–2,5 см болу керек. Мұндай жағдай аса қауіпті болып саналады және аневризманың жарылу қаупі өте жоғары. Науқас орталыққа түскен кезде артериялық қан қысымы 250 мм дейін көтеріліп, айқын тахикардия байқалған. Өмірлік көрсеткіштер бойынша пациентке күрделі кардиохирургиялық ота жасалды – аорталық қақпақша механикалық протезбен алмастырылып, қолқаның жоғарылайтын бөлігі ауыстырылды. Ота сәтті өтті.
Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Айта кетейік, пациентке операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында тегін жасалды. Жалпы осындай оталардың құны 3 млн теңге тұрады.
Самал Қалиқызы