Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында өңір басшысы қала активімен кездесіп, қаланың 65 жылдығы мен Металлургтер күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Сондай-ақ, бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Алдымен облыс әкімі Асайын Байханов қаланың мерейтойымен және металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін бірқатар жандарды марапаттады. 

Облыста өндірілетін электр энергиясының 42 пайызы, ферроқорытпалардың 58 пайызы, көмірдің 60 пайызы, отынның 33 пайызы және ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өнімдер осы еңбеккерлердің маңдай терінің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан жұмысшы мамандықтары ешқашан маңызын жоғалтпайды.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы жаңа қалалық бассейн құрылысының барысын көрді. Нысанда іргетас қалау, қабырғаларды көтеру, жабын плиталарын орнату және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта бассейннің негізгі ваннасын орнату жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жобасы таныстырылды. Диаметрі 720 миллиметр болатын, пенополиуретанды оқшаулағышы бар заманауи құбырларды пайдалана отырып, ұзындығы 1,5 шақырым жаңа жерасты жылу магистралін салу көзделген. Қазіргі уақытта ескі құбырлардың 400 метрі бөлшектеліп, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

  Сонымен қатар жаңа қалалық саябақ құрылысына да ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде мұнда жоспарланған жұмыстардың 40 пайыздан астамы орындалған. Аумақта, спорт алаңдарын дайындау, сыртқы жарықтандыру жүйесін, электр желілерін және автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласын дамыту облыстық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Әрі барлық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, олардың сапасы, тұрғындарға қолайлылығы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Қымбат Садық