Павлодарда «BILE BILE FEST» жастар фестивалі өтті. «Ertis Promenade» сахнасында ұйымдастырылған кешке өңірдің талантты жастары жиналды. Бағдарлама барысында қаладағы үздік би ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі қойылымдарын ұсынды. 


Фестивальдің мақсаты жастардың шығармашылық әлеуетін қолдап, би мәдениетін дәріптеу. Сахнада облыстың әр ауданынан келген 14 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар өнер көрсетті. Жалпы фестиваль аясында 19 шығармашылық нөмір қойылды. Оның ішінде түрлі жанрдағы би қойылымдары мен бес вокалдық орындаушының әндері көрермен назарына ұсынылды.

Айша Хамзаева, жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жасау бөлімі басшысының М.А.

Осы шара фестиваль аясында өтіп жатыр. Осы жексенбі күні жастардың талантын көрсетіп, облыс бойынша қонақтарға арнайы өнерін көрсету. Қала тұрғындары мен қонақтарына интерактивті ойындар өткізіледі. Би сайысы, өнер сайысы ретінде. Павлдар облысының бүкіл аудандарынан қатысып жатыр. Екібастұз, Ақсу қаласынан бар. Көбі қаламыздың ұжымдары. Олар өз өтінімдерін қалдырып, видео жазбалары арқылы іріктеу өткіздік. 

Фестивальде тәжірибелі бишілермен қатар алғаш рет үлкен сахнаға шыққан қатысушылар да болды. Солардың бірі 14 жастағы өнерпаз. Ол сегіз жылдан бері бимен айналысқанымен, «Ertis Promenade» сахнасында алғаш рет өнер көрсетті. Ұжымы дайындаған қойылымды жоғары деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

Дамира Вернер, қатысушы

Біз бүгін «Full Energy» деп аталатын хип-хоп биін көрсеттік. Осы қойылымға бір апта бойы тыңғылықты дайындалдық. Ал бидің өзі көктемнен бері репертуарымызда бар. Қойылым барысында акробатикалық элементтер де болды. Сальто жасау сияқты күрделі қимылдар орындалды. Биіміз өте жігерлі әрі заманауи стилінде өтті деп ойлаймын. 

Қатысушылар Павлодарда би мәдениеті одан әрі дамып, осындай ауқымды шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді. Әр ұжым өздерінің тың идеясы мен ерекше қойылымын ұсына білді.

Кира Насырова, қатысушы

Мен төрт жылдан бері бимен айналысамын. Біздің студия жақында ғана ашылғанымен, бір жылға жуық уақыт ішінде көптеген жетістікке жеттік. Бүгін екі қойылым дайындадық. Алғашқысы бұрыннан дайындалған байқау нөмірі. Екіншісіне екі апта бойы дайындалдық. Бар күшімізді салдық деп ойлаймын. Біз заманауи билерді орындаймыз. Көрерменге жақсы көңіл күй мен ерекше энергия сыйлағымыз келеді. 






Дарья Лёвушкина, қатысушы

Мен би үйірмесіне биыл қыркүйек айынан бастап қатысып жүрмін. Бұл фестивальге қатысуға біздің ұжымның белсенділігі себеп болды.Біз әрдайым түрлі шараларға қатысып, өнерімізді көрсетуге тырысамыз. Студиямызды көпшілікке таныстырғымыз келеді. 

Фестиваль тек бишілердің ғана басын қосқан жоқ. Сахнада әншілер де өнер көрсетіп, кештің көркін аша түсті. 

Стелла Кошелева, қатысушы

Мен Жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келемін. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Осындай жастардың ортасында болып, ерекше атмосфераны сезінгім келді. Бүгін «Махаббат» әнін орындадым. Дайындық көп уақыт алған жоқ, өйткені бұл әнді өте жақсы көремін.

Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. Олардың сөзінше, осындай мәдени шаралар жастарды шығармашылыққа баулып қана қоймай, қала өміріне ерекше серпін береді. 

Кеш ерекше форматта қорытындыланды. Ұйымдастырушылар барлық көрерменге арналған интерактив ұйымдастырды. Сахнаға шыққысы келгендер бишілердің қимылдарын қайталап, қатысушылармен бірге би биледі. Осылайша фестиваль өнер мен көрерменді тоғыстырған жарқын мерекеге айналды.

  

Сабина Жолдаспаева