Павлодарда өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде 11 әулет бақ сынасты. Шаңырақ көтергендеріне көп болған жанұялар да, жас отбасылар да өздерінің отбасылық құндылықтары мен дәстүрлерімен бөлісті. Байқаудың үздігі атанып, облыстық кезеңге кім жолдама алды? Келесі сюжеттен көрейік.


Шараның шымылдығы қазақтың салты бойынша шашумен ашылды. Бұл жолы Павлодар қаласы мен іргелес елді мекендерден 11 отбасы өзара сайысқа түсті. Басты мақсат – шаңырақ шаттығы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ал байқау ерекшелігі –қазылардың көпті көрген, отбасы берекесін кіргізіп отырған аталар мен әжелердің болуы. Олар үздік отбасыларды анықтады.

Бақытжамал Максилова, облыстық аналар кеңесі және «Нұр-ана әлемі» ҚБ төрағасы

«Сіздердей мерейлі отбасы болса, біздің мемлекетіміз гүлдене береді. Сіздердей отбасы басқа отбасыларға үлгі болады. Сондықтан да әрбір отбасына бақыт, құт-береке тілей отыра, әрине, үйлеріңіз тек қана немере-шөберелерге толсын, баланың даусы үйлеріңізде көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сіздердей мерейлі отбасылар көп болсын дегім келеді. Құтты болсын!» 

Байқауға қатысушылар атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрлердің сақталуына, әулет жетістіктеріне, сондай-ақ бала тәрбиесі мен қоғамдық белсенділікке тоқталды. Үздіктерді анықтау кезінде отбасы беріктігі, ұлттық құндылықтардың сақталуына және ел дамуына қосқан үлесіне баса мән берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба қоғамдағы отбасының орны каншалықты жоғары екенін кезекті рет айшықтап берді.

Данияр Жумаділов, Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі

«Заман өзгерсе де, қоғам өзгерсе де мызғымайтын бір ғана құндылық бар. Ол – отбасылық құндылық. «Мерейлі отбасы» деген – жай ғана байқау емес, сіздер жай ғана жеңімпаз, жай ғана жүлдегер емессіздер, сіздер – сол отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, елдің болашағын тәрбиелейтін әулетсіздер. Мінекей, ортамызда ақ сақалды аталарымыз отыр, ақ жаулықты апаларымыз отыр, ардақты әкелеріміз, аяулы аналарымыз жүр. Сіздердің осы еңбектеріңіз, сіздердің осы тәрбиелеріңіз елдің болашағын қалыптастырады. Қазақ «Отан отбасынан басталады» деп тектен-тек айтпаған. Сондықтан да сіздердің баршаларыңыз – жеңімпазсыздар, осы байқауға қатысқандарыңыз үшін, белсенділік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз.» 

Биыл бұл байқаудың орны бөлек болды. Шара Қазақстанның Жаңа Конституциясы қабылданған уақытпен тұспа-тұс келгендіктен, үздік шыққандарға дипломнан бөлек Ата заңның арнайы шығарылымы да сыйға тартылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, берік шаңырақ, үлкенді сыйлау мен салт-дәстүрді ұлықтау да – Конституция сияқты қуатты елдің діңгегі.

Айнагүл Сәрсенбаева, Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы

«15 наурыз күні халықтық референдумда біз Ата заңымызды қабылдадық. Бүгін, осы сахнада сіздерге сол лимитированная сериямен шыққан Конституцияны сіздерге тапсыруға рұқсат етіңіздер. Ол, бірнішден қала әкімі Хасар Айтбекұлы атынан» 

Байқаудың қалалық кезеңінде отасқандарына 17 жыл болған отбасы жеңіске жетті. Қазылар алқасы бұл шаңырақты сүйіспеншілік пен өзара сыйластықтың, береке мен бірліктің нағыз үлгісі деп бағалады. Үздік шыққан әулет енді облыстық сайыста өнер көрсетіп, республикалық кезеңге жолдама алуға тырысады.

Дубай Әулеті, «Мерейлі отбасы» байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздары

«Қара шаңырақтың келіні болғандықтан және үлкен отбасы болғандықтан, осы байқауға қатысайық деп шешім қабылдадық. Керемет сезімдеміз, осылай мерейлі отбасы көп болсын! Жылдан-жылға осы «Мерейлі отбасы» өте берсін. Дайындық біраз екі-үш күнге созылды. Оған қарамай, атасының, әжесінің қолдауы да өте жақсы болды. Ол кісілер де батасын беріп, осындай байқауға қолдау өте жақсы болды. Немерелеріне ақыл айтып отарды. Өте қатты қиын болған жоқ. Бірақ біз жеңдік.» 

Шара соңында ұйымдастырушылар нәзікжандыларғамейірім мен шаңырақ жылуының белгісі ретінде гүл шоқтарын сыйға тартты. Десе де, қатысушылардың айтуынша, бұл кештегі ең үлкен сый ¬– елдің ықыласы, қолдауы және ынтымағы жарасқан отбасы қашанда қоғамның басты тірегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеу мүмкіндігі болды.


Жұлдыз Қабылденова