Павлодарда екі зейнеткер банк ғимаратының ішінде петарда салынған тортты жарып жіберді. Оқыс оқиға салдарынан қариялардың екеуі де түрлі жарақат алған. Белгілі болғандай, олар телефон алаяқтарының құрбаны болған. Тақырыпты әріптесім жалғастырады.


15 шілде күні сағат күндізгі төрт шамасында Павлодар қаласындағы банк бөлімшелерінің бірінде кенеттен жарылыс дыбысы шығып, тұлғындар мен қызметкерлерді дүрліктірді. Оқиға салдарынан екі зейнеткер жеңіл жарақат алды. Кейін белгілі болғандай, қариялар алаяқтара алданып, олардың айтқан нұсқауын орындаған.

Алмаз Төкенов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

«Зейнеткерлер телефон алаяқтарының құрбаны болған. Бұған дейін олар жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қомақты қаржысынан айырылған. Аталған факті бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр: дропперлердің рөлін атқарған тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ сот тәртібімен жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бойынша шаралар қабылдануда.» 

Бастапқы сәтсіздікке қарамастан, алаяқтар жәбірленушілермен қайта байланысқа шыққан. Олар бұған дейін аударылған қаражатты қайтарып береміз деген жалған уәде және психологиялық қысым көрсету арқылы зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. 

Алмаз Төкенов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

«Алаяқтардың нұсқауын орындаған зейнеткерлер торттың ішіне салынған петарданы тұтатқан. Аталған факті бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда.» 

Оқиға салдарынан 1951 жылғы әйел мен 1948 жылғы ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, зейнеткер әйелдің оң жақ білегі мен буыны жарақаттанып, беті, мойны мен қолдарын І-ІІ дәрежелі термиялық күйік шалған, сондай-ақ көзі жеңіл зақымдалған. Ал қарияның көзін термикалық күйік шалған. Шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, қос зейнеткер де тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге үйіне жіберілді. Екеуінің де өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Осы орайда құқық қорғау органдары, банк, мемлекеттік мекеме немесе басқа да ұйым өкілдері телефон арқылы ақша аударуды немесе күмәнді әрекеттер жасауды талап етпейтінін естеріңізге саламыз. Егер сізге осындай мазмұнда қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, ешқандай нұсқауды орындамай, бірден жақындарыңызға және полицияға хабарласуыңыз қажет.


Жұлдыз Қабылденова