Павлодарда ТЖМ құтқарушылары кәмелетке толмаған қызды гараждың шатырынан эвакуациялады. 112 пультіне Павлодар қаласындағы Ледовский көшесінде кәмелетке толмаған қызға құтқарушылардың көмегі қажет екені туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына келген төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері қыз баланы гараждардың бірінің шатырынан тапты. Құтқарушылар альпинистік жабдықтар мен арнайы құралдарды пайдаланып, зардап шегушіні зембілге салып, биіктіктен қауіпсіз түсірді. Кейін ол әрі қарай ауруханаға жеткізу үшін жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері де болды. Бұл ретте, төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға, олардың ғимараттар мен құрылыстардың шатырларына, сондай-ақ қауіпті нысандардың маңына баруына жол бермеуге шақырады. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.