Ақсу қаласында қос мереке қатар аталып өтті. Қала күні мен металлургтердің кәсіби мерекесіне орай шаһар тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Шараның қалай өткені жайында – алдағы сюжетте.


Биыл Ақсу қаласына ¬– 65 жыл. Айтулы күн әдеттегідей металлургтер күнімен тұспа-тұс келді. Өндірісті шаһарда бұл қос мерекені қатар атап өту игі дәстүрге айналған.

Мәдениет Омарғалиев, Ақсу қалалық мәслихатының төрағасы

«Ақсу қаламыз өте шағын, өте әдемі, қолайлы қала. Мен осында тұрғалы 40 жылдан асты. 40 жыл ішінде көрініп тұр қалай қарқынды дамып, үлкен алпауыт екі предприятиеміз бар. Онда мыңдаған адам жұмыс істейді. Мен сол кісілерді бүгінгі мерекемен құттықтағы келеді. Семьяларына зор денсаулық, жақсы табысты болсын. 65 жылдығы қаламыздың ¬– бұл да бір кезең ғой. Келешекте басқа да жылдарды атағанда, қазіргі жасөспірім балалар осы қаланың жемісін көріп, еліміздің жақсы азаматтары болып өсіін.» 

Мерекелік шара аясында металлургия саласында ұзақ жыл бойы еңбек еткен мамандар ерекше құрметке бөленді. Адал қызметі мен жоғары кәсібилігі үшін біршама қызметкерге салтанатты түрде марапаттар табысталды.

Александр Максименко, металлург

«Училищені тәмамдаған соң, краншы болып жұмысқа орналастым. Сөйтіп 31 жыл құю ісінде қызмет еттім. Бұл – ер-азаматқа тән ауыр еңбек. Мұнда мінез бен қайсарлық керек. Металлургияда кез келген адам жұмыс істей алмайды. Осы саланы таңдаған екенсің, соңына дейін адал қызмет етуің керек, болмаса бірден кеткенің жөн. Мен осылай санаймын. Жастайыңнан, мектеп қабырғасынан бастап спортпен шұғылданған жөн. Өйткені еңбек, денені шынықтырудан басталады. Зауытқа келе сала, жоғары лауазым күтіп тұрмайды. Еңбек ету керек. Мен алғашқы марапатымды 2002 жылы, екіншісін 2018 жылы алдым, ал үшіншісін, міне, бүгін алдым. Жұбайым да осы салада – энергоцех машинисі болып еңбек етіп келеді» 

Вадим Пястолов, металлург

«Мен ферроқорытпа зауытының теміржол цехында еңбек етемін. Осы салада жүргеніме 25 жыл болды. Негізі еңбек жолымды Ақсу станциясында құрастырушы болып бастағанмын. Кейін 2001 жылы зауытқа ауысып, онда да құрастырушы, тепловоз машинисінің көмекшісі болдым. Ал қазір тепловоз машинисі болып жұмыс істеймін. Ақсу қаласының барша тұрғынын шаһарымыздың 65 жылдығымен құттықтаймын! Зауыт ұжымын, мерекелік концертімізге, қуанышымызға ортақтаса келген қонақтарды құттықтаймын. Ең бастысы – бәріңізге мықты денсаулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!» 

Салтанатты бөлімнен соң мерекелік думан кең көлемді концерттік бағдарламаға ұласты. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылып, кештің сәнін кіргізді.

Жәмилә Есембаева, С. Дөнентаев атындағы Ақсу қалалық мәдениет сарайының басшысы

«Бүгінгі қала үшін, халық үшін түрлі алаңшықтар ұйымдастырылған. Балаларға ұлттық қазақ ойындары және қаламыздың шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы.»  

Шаһар тұрғындары мен қонақтарына жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашса, отандық эстрада жұлдыздары мереке көркін қыздырды. Сахнада Жұбаныш Жексенұлы, Мақпал Исабекова және кештің басты қонағы Садраддин өнер көрсетті. Жиналған қауым сүйікті әртістерімен бірге әндерді қосыла шырқады.

Осылайша, мерекелік шара қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын эмоциялар сыйлады. Ал кеш әсем отшашумен қорытындыланды.


Жұлдыз Қабылденова