Металл қорыту ісі ежелгі ғасырларда да маңызды салалардың бірі болды. Оған дәлел, Павлодар ауылының маңынан ежелгі ғасырларға тиесілі құнды археологиялық нысан анықталды. Ғалымдардың болжауынша, бұл жерде аймақтағы металл қорыту ісінің ең көне өкілдерінің бірі жерленген болуы мүмкін. Тарихи ескерткіштің табылуына қарапайым қала тұрғыны себеп болған. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.


Павлодар маңындағы құм карьері күтпеген жерден бірегей археологиялық жаңалық ошағына айналды. Бұл аумақтан шамамен төрт мың жылдық тарихы бар көне жерлеу орны табылды. Адам сүйектері мен ежелгі керамика сынықтарын алғаш байқаған Павлодар тұрғыны Денис Киблер бұл туралы бірден мамандарға хабар берген.

Елена Тушева, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті археологиялық зерттеулер институтының археологиялық қорларының бас сақтаушысы

«Сол кезеңге жататын тас құралдар тобы табылған бұл бірегей жерлеу орнынан бөлек, мына жайтты да айта кету керек: ежелгі жерлеу рәсімін жасау кезінде қабірге әрдайым марқұмның көзі тірісінде айналысқан ісін сипаттайтын заттар қойылған. Мына адамның жанынан біз қазуға арналған кетпендерді, кен ұсатуға арналған үгіткіш құралды және тегістеліп өңделген тас балтаны көріп отырмыз. Бұл дерек аталған адамның металл құюмен және оны өңдеумен айналысқанын көрсетеді. Бұл жаңалық дәл осы өңір үшін несімен бағалы? Біріншіден, бізде бұл маңда мыс өндірілген ірі көне кен орындары туралы дерек жоқ, олар сақталмаған. Дегенмен, кезінде Әлкей Марғұлан Қазақстан аумағындағы ежелгі кен орындарының картасын жасаған кезде, Баянауыл тау-кен металлургиялық орталығының, соның ішінде Ертіс өңірінің маңызы өте зор екенін ерекше атап өткен еді. Олай болса, бұл жерлеу орны Ертіс өңірінде металлургия өндірісі жаңадан қалыптасып, бастау алып жатқан дәуірмен байланысты. Оның орасан зор маңызы да міне, осында.» 

Зерттеу аумағынан неолит дәуіріне жататын көне топырақ қабаттары да анықталды. Жүргізілген қосымша қазба жұмыстары бұл маңда адамдар кейінгі тас ғасырының өзінде-ақ қоныстанғанын айғақтайды. Табылған ошақ орындары, жануар сүйектері, қыш пен көмір сынықтары бұл жерде 4 мың жыл бұрын ғана емес, одан да ерте кезеңде тіршіліктің қайнағанын дәлелдейді. 

Елена Тушева, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті археологиялық зерттеулер институтының археологиялық қорларының бас сақтаушысы

«Ең алдымен, біз институтымыздың жанындағы археология зертханасында аналитикалық талдау жүргіземіз. Кейін оларды сипаттап жазып, қорға тапсырамыз. Жәдігердің орналасу ерекшелігіне байланысты оған томография жасай алмаймыз. Дегенмен, университетке грант аясында сатып алынған жаңа құрылғыларымыздың көмегімен талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл заманауи құрылғылардың көмегімен қазірдің өзінде 3D-үлгілер әзірленді. Осы ескерткішті зерттей істей отырып, мәдени мұраны зерделейтін жаңа форматтағы мамандарды даярлау үшін студенттерді үйретуді көздеп отырмыз.»  

Заманауи жабдықтар табылған құралдардың қызметін, яғни олардың металлургиялық үдерістерге қатысын және өңделген металл түрін жоғары дәлдікпен анықтауға көмектеседі. Жалпы алғанда, бұл кешен – өңіріміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы көне металлургияның қалыптасу тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік беретін құнды мұра.


Жұлдыз Қабылденова