Қала күнінде Павлодардың өткені мен бүгіні бір көрмеде тоғысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Павлодар – біз сүйетін қала» атты фотокөрме ашылды. Мұнда қала тұрғындары түсірген фотосурет пен музей қорындағы құнды жәдігерлер қойылған. Экспозиция туған қаланың көрікті орындарын ғана емес, оның бай тарихы мен танымал тұлғаларын да таныстырады.


Көрмеге қалаға бейжай қарамайтын, оның әсем көріністерін суретке түсіруді ұнататын барлық тұрғын қатысты. Нәтижесінде әртүрлі жастағы түрлі мамандық иелерінің ең үздік елу фотожұмысы іріктеліп, көрермен назарына ұсынылды. Фотосуреттерде Павлодардың көшелері, саябақтары, өзен жағалауы, сәулетті ғимараттары мен күнделікті тыныс-тіршілігі бейнеленген.

Сабина Жолдаспаева, тілші

Бұл көрмеде әр экспонаттың өз тарихы бар. Экспозицияға қойылған жәдігерлердің ішінде павлодарлықтардың жетістігін айғақтайтын ерекше дүниелер де бар. Соның бірі – «Грэмми» музыкалық сыйлығының «Үздік ремикс» номинациясының жеңімпазы Иманбек Зейкеновке тиесілі платиналы диск. Ал оның жанында әлемдік опера сахнасында өнер көрсетіп жүрген жерлесіміз Мария Мудряктың алты жасында алғаш сахнаға киіп шыққан концерттік көйлегі қойылған. Бұл жәдігерлер Павлодардан шыққан таланттардың әлемдік деңгейге дейін жеткен жетістігін айқын көрсетеді. 

«Павлодар – біз сүйетін қала» көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспозиция тұрғындарға туған қаланың өткені мен бүгінін жаңа қырынан танытып, оның тарихы мен мәдени мұрасына деген қызығушылықты арттыруды мақсат етеді.


Сабина Жолдаспаева