Елімізде шілденің үшінші жексенбісінде металлургтер күні атап өтіледе. Металлургтер күні – маңдай терімен ел өндірісін өркендеткен жандарға көрсетілетін ерекше құрмет күні. Саналы ғұмырын осы салаға арнап, бүгін де кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп жүрген ардагерлердің еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Солардың бірі – Қазақстан алюминий зауыты Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғизат Бижанов туралы айтуға болады.


Өндірістегі мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жүрген Ғизат Бижановтың еңбек жолы 1976 жылы қарапайым жұмысшы ретінде басталды. Жауапкершілігі мен кәсібіне адалдығының арқасында бас механик қызметіне дейін көтерілді. Ал 2018 жылдан бері Ардагерлер кеңесін басқарып, зауыттың ардагерлеріне қамқорлық көрсетуді басты міндетіне айналдырған.

Ғизат Бижанов, «Қазақстан алюминийі» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы

Мен осы зауытқа 70 жылдар келгенмін.Біздің қатарымызда басында 2100 болған,2022 жылдан бастап Торғайдағы зауыт жабылып, 200-300 дей адам қатарымызға қосылды. 2400 ардагер бар. 

Бүгінде кеңес қарамағында мыңдаған ардагер бар. Олардың әрқайсысының зауыттың қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі елеулі. Сондықтан мереке сайын өндірістің өркендеуіне үлес қосқан жандарға құрмет көрсетіліп, әлеуметтік қолдау тұрақты жалғасады. Әсіресе, жасы ұлғайған және жалғыз тұратын қарияларға ерекше көңіл бөлініп, тұрмыстық және материалдық көмек көрсетіледі. Мұндай игі дәстүр ардагерлерге деген құрметтің нақты көрінісіне айналған.

Өмірін металлургия саласына арнаған ардагерлердің өнегелі жолы – жас мамандар үшін кәсіби шеберлік пен адал еңбектің жарқын үлгісі. Ал олардың еңбегін ұлықтап, әлеуметтік қолдау көрсету – өндіріс ұжымының қалыптасқан ізгі дәстүрінің жалғасы. Металлургтер күні қарсаңында ардагерлерге көрсетілген құрмет – еңбек адамына деген шынайы ризашылықтың айқын белгісі.

Дильназ Қуанышбекқызы