«Таза Қазақстан» акциясы аясында Павлодар облысының полициясы заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы күресті күшейтті. Тәртіп сақшылары қоқыс үйінділерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша күшейтілген рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Осындай рейдтердің бірі барысында Солтүстік өнеркәсіптік аймақта абаттандыру қағидаларын бұзу дерегі анықталды. КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерге құрылыс қалдықтарын төгіп, заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған. Рейдтік іс-шара барысында абаттандыру қағидаларын өрескел бұзу дерегінің жолы кесілді. Мұндай әрекеттер қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды. Мұндай рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың негізгі мақсаты – құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алып, өңір тұрғындарының қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Павлодар облысының полициясы заңсыз қоқыс төгу қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, елді мекендердің санитариялық жағдайын нашарлатып, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.