Ақтоғай ауданындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде алты ер адам қаза тапты. 38 жастағы бір азамат аудандық ауруханаға жеткізілді. Кәсіпорын басшысы өз кезегінде қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан кәсіпорында кәріз құдығында болған оқиға салдарынан алты ер азамат қаза тапты. Алдын ала тараған ақпаратқа әйкес, қайғылы жағдай кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жөндеу кезінде болған.
Асқар Ғазизов, Павлодар облыстық жедел-жәрдем қызметінің ресми өкілі
Шақыру 20 шілде күні сағат 12:01-де Ақтоғай ауданы Жоламан ауылындағы ЖШС-тердің бірінен түсті. Оқиға орнында медицина қызметкерлері 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның қаза тапқанын анықтады. Тағы бір 1988 жылғы ер адам Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді.
Бұл факт бойынша, облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Жанар Белялова, Павлодар облысы ПД ресми өкілі
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Ақтоғай ауданындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде оқыс оқиға орын алып, 6 адам қайтыс болды. Бір адам аудандық ауруханаға жатқызылды.
Самал Қалиқызы