Жол – елдің тынысын кеңейтіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды инфрақұрылым. Павлодар ауданына қарасты Әйтім ауылында халық көптен күткен игі іс жүзеге асып, жаңа асфальт жолдар пайдалануға берілді. Су құбыры тартылғаннан кейін бүлінген көшелер қайта қалпына келтіріліп, ауылішілік жолдар заман талабына сай жаңарды. Енді тұрғындар шаң мен батпақтан арылып, қауіпсіз әрі жайлы жолмен қатынайтын болды.
Әйтім ауылында жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл ауылдың төрт көшесіне асфальт төселді. Бұл көшелермен күн сайын тұрғындар, мектеп оқушылары мен автокөліктер қатынайды. Сондықтан жол сапасын жақсарту халықтың қауіпсіздігі мен жайлы жүріп-тұруына оң әсерін тигізбек.
Жаңа асфальттың игілігін тұрғындар қазірдің өзінде көріп отыр. Бұрын жауын-шашынды күндері балшығы езіліп, жаз мезгілінде шаңы бұрқырайтын көшелер енді тегіс жолға айналды. Ауыл халқы мұны көптен күткен игі бастама деп бағалайды.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, ауылішілік жолдарды жаңарту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Қазіргі таңда шамамен 500 метрге жуық жол бөлігі асфальтталмаған. Бұл учаскені жөндеу келесі жылдың даму жоспарына енгізілген.
Дильназ Қуанышбекқызы