Осы жылдың қаңтар айында Екібастұз қаласында қос кісі өліміне қатысты іс бойынша бүгін сот үкімі шықты. Екі адамға пышақпен шабуыл жасап, біреуін өлтіріп, екіншісін жаралаған әйел кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстың бір сәті бейнебақылау камерасына түсіп, кейін әлеуметтік желілерде тараған болатын. 


Қайғылы оқиға 9 қаңтар күні Екібастұз қаласында болған. Тергеу мәліметінше, айыпталушы жәбірленушілермен бірге пәтерде отырып, ішімдік ішкен. Сол кезде олардың арасында жанжал туындайды. Әйел қолына пышақ алып, жәбірленуші әйелге бірнеше рет соққы жасаған. Кейін ол марқұмның бірге тұрған ер адамынан қауіптеніп, пәтерге қайта оралады. Ұйықтап жатқан ер адамға бірнеше мәрте пышақ сұғып, оқиға орнынан кетіп қалған. Алған жарақаттарының салдарынан ер адам көз жұмды. Сот барысында айыпталушының кінәсі куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарымен толық дәлелденді. Сондай-ақ сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың мас күйінде жасалғанын және айыпталушының бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны ескерді.

Нұрлан Қайырбеков, Павлодар облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы

Сот үкімімен Евгения Николаевна Азимова Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Адам өлтіруге оқталғаны үшін оған 10 жыл, ал адам өлтіргені үшін 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оның әрекеті аса қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды. Жазалар ішінара қосылып, 16 жыл 6 ай мерзім белгіленді. Бұған дейінгі үкім бойынша өтелмеген 6 айлық жаза да қосылып, түпкілікті 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар, кінәлі деп танылған келіншектен сот сараптамаларын жүргізуге кеткен 565 мың теңгеден астам процессуалдық шығын және жәбірленушілерге өтемақы ретінде 135 мың теңге өндіріледі.


Сабина Жолдаспаева