Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыс орталығындағы қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жобалардың іске асырылу қарқынын бағалап, бірқатар нақты тапсырмалар берді. 


Алғашқы нысан - ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан музыкалық колледж. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 50%-ы орындалған. Пластикалық терезелерді орнату, ламинат төсеу, жарықтандыру жүйелері мен электр желілерін монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу және қасбетін қаптау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде бұл оқу орнында бес мамандық бойынша болашақ музыканттар даярланып, 300-ден астам студент білім алуда. Асайын Байханов музыкалық колледждің еліміздегі жетекші шығармашылық оқу орындарының бірі екенін атап өтті. 

Ал бұл Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасы болды. Мұнда бокс, күрес, дзюдо, футбол, баскетбол, волейбол, шаңғы жарысы және спорттық гимнастика секілді 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша спортшылар даярланады. Жатақханада облыстың түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар тұрып, жаттығады. 

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі 

Бұл жерде не өзгертуге болады. Бұл жерде күрделі жөндеу жұмыстарын жасатқысы келеді. Қабырғаларды түзетеді, қазір жағдайы жаман емес. Аумағы өзгермейді, төбенің биіктігі өзгермейді. Дәл әдемірек болуы мүмкін, бірақ одан ауа көбейеді деп айта алмаймыз. 

Облыс әкімі жатақхананың техникалық жағдайымен танысты. Аталған ғимаратқа 1996 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сапар қорытындысы бойынша қазіргі қажеттіліктер мен заманауи талаптарды ескере отырып, олимпиадалық резерв мектеп-интернаты үшін жаңа ғимарат салу жобасын әзірлеуді, сондай-ақ оған тиісті жер учаскесін бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды. 

Келесі кезекте облыс әкімі ақпараттық технологиялар колледжінің жатақханасында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Жоба осы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс.  

Асқар Әжмұрат, Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы

Жобаның жалп ықұны 830 млн теңгені құрайды. Бұл жерде 1-3 қабаттар оқу корпустары. 1-ші қабатта мобильділігі шектеулі бірнеше бөлме қарастырылған. 4-5 қабаттар жатақхана болады. 

Жұмыс сапары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Павлодар облысының мемлекеттік архивіне барумен аяқталды. Жөндеу барысында инженерлік желілер толық жаңартылып, шатыр, терезелер мен есіктер ауыстырылды. Сонымен қатар қасбеті қапталды, іргелес аумағы абаттандырылып, автотұрақ пен кедергісіз орта жасалды. 

Архив заманауи желдету жүйелерімен, газ арқылы өрт сөндіру, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған. Бұл архивтік құжаттардың сенімді сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аймақ басшысы архив саласына ғұмырын арнаған ардагер-архившілермен кездесті. 

Асайын Байханов әрбір нысанның өңірдегі білім беру, спорт және мәдениет салаларын дамыту үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мердігер ұйымдар мен салалық басқармаларға құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді, бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтауды және барлық жобаның уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Самал Қалиқызы