Соңғы қатты дауыл мен жаңбыр салдарынан аймақтағы біраз ғимараттың шатыры ұшып, шығын келтірілді. Өңір басшысы оларды аралап, қалпына келтіру жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды. 



19 шілде күні жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен қатты дауылды жел мен бұршақтың салдарынан өңірдің бірқатар елді мекендерінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға және электр желісі шаруашылығы нысандарына зақым келді. Қолайсыз ауа райының салдарынан Ақсу және Екібастұз қалаларына қарасты 11 елді мекенде электр энергиясы апатты жағдайда өшірілді. Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылы ең көп зардап шекті. Мұнда 2 көпқабатты тұрғын үй мен 47 жеке тұрғын үйдің шатырлары ішінара ұшып кеткен. Сонымен қатар Қалқаман кентінде 2 мектеп пен мәдени-демалыс орталығының қасбеті мен терезелері бүлініп, көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі бірнеше пәтердің ішкі қабырғалары құлаған.

 Келтірілген зардап көлемін бағалау үшін оқиға орнына облыс әкімі Асайын Байханов барды.

Облыс әкімі қысқа мерзім ішінде барлық зақымданған нысандарды тексеруді, электрмен жабдықтау жүйелерін толық қалпына келтіруді, шатырлар мен бүлінген басқа да құрылымдарды жөндеуді, сондай-ақ зардап шеккен үйлердің тұрғындарына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды мүмкіндігінше жедел қалпына келтіріп, олардың әрі қарай қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді.  

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемін нақтылау бойынша комиссиялардың жұмысы жалғасуда. Табиғи құбылыс салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жағдай қатаң бақылауда.

Самал Қалиқызы