Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды. Күдіктілер Май ауданында құрықталды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. 


Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Күдіктілер Май ауданында ұсталды. Олардың автокөлігін тексеру барысында қылмысқа қатысты заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді. Арнайы операция нәтижесінде жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асатын мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі адам анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, деді полицияда. Полиция өңір тұрғындарын мал жаю кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға және кез келген күмәнді жағдайлар туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.