Павлодар облысының інжу-маржаны саналатын Баянауыл төрт мезгілде де келушілерді тәнті ететін ерекше мекен. Ал жаз айларында мұнда туристер қарасы тіпті көбейеді. Өңірдің табиғаты, көлдері мен жаңарып жатқан туристік инфрақұрылымы бүгінде ішкі туризмнің дамуына серпін беріп отыр. Табиғаты көркем өлкенің бүгінгі тынысы, туристік әлеуеті және демалыс орындары туралы толығырақ «Саяхат» бағдарламасында. 


Баянауыл еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Бұл өңір ең алдымен үш бірдей көркем көлімен ерекшеленеді. Олар Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр. Әрқайсысының табиғаты мен ерекшелігі әртүрлі болғанымен, барлығы да демалушыларға жайлы жағдай ұсынып, жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. 

Қанат Сабық, Баянауыл ауданы дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы

Соңғы жылдары Баянауыл ауданында туризм қарқынды дамуда. Оның себептерінің бірі жүзеге асырылып жатқан туризмдік инфақұрылымды дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар, инвестициялдық жобалар кәсіпкерлер тарапынан, инвесторлар арапынан жүзеге асырылатын. 

Туристік әлеуеттің артуына жол инфрақұрылымының жақсаруы да оң әсерін тигізуде. Соңғы жылдары Баянауылға апаратын автомобиль жолдары кезең-кезеңімен жөнделіп, қатынас бұрынғыдан әлдеқайда ыңғайлы болды. 

Қанат Сабық, Баянауыл ауданы дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы

Жолдарға тоқталатын болсақ. Ағымдағы жылы жүзеге асырылып жатқан жоба Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара автожолындағы 68 км автожолының орташа жөндеуі. Жалпы жоба құны 8,5 млрд теңгені құрайды. Бұл да туризмнің дамуына қарқынды серпін беретін жобалардың бірі. 

Жаз басталысымен Баянауылдың жағажайлары демалушыларға толады. Мұнда отбасымен де, достарымен де тынығуға барлық мүмкіндік жасалған. Демалыс аймақтарында балалар ойын алаңдары, спорттық және ойын-сауық орындары жұмыс істейді. Сондықтан әрбір келуші өзіне қолайлы демалыс түрін таңдай алады.

Баянауылға келген әр туристің бағыты әртүрлі болғанымен, мақсаты бір табиғат аясында демалып, ерекше әсер алу. Бірі Торайғырдың мөлдір суын таңдаса, енді бірі Сабындыкөл мен Жасыбайдың көркем жағалауына жол тартады. Ал Баянауылдағы көрікті жерлер мен туристерге арналған жаңа мүмкіндіктер туралы толығырақ арнайы «Саяхат» бағдарламасынан 21 шілде күні сағат 19:20-да «Ертіс» телеарнасынан көре аласыздар.


Сабина Жолдаспаева