Таза көшелер, абаттандырылған аулалар, заманауи әлеуметтік нысандар және экологияға деген жанашырлық. Павлодар облысында тағы да ең үздік ауыл анықталады. «Үлгілі ауыл» атты жыл сайынғы байқауға өтінім қабылдау басталды. Бұл конкурс тұрғындарға жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған елді мекендерді анықтауға бағытталған. Толығырақ келесі бейнематериалда.  



Байқау «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Өтінім қабылдау 17 тамызға дейін жалғасады. Кейін арнайы комиссия аудан-аудандарды аралап, үміткер ауылдардың жұмысымен танысады. Комиссия құрамына экономика, жер қойнауын пайдалану, экология департаменті және өзге де салалық басқармалардың өкілдері енген.

Гүлнар Сағитова, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы

Байқаудың мақсаты – ауыл аумақтарының жағдайын жақсарту, азаматтардың белсенділігін арттыру. 2025 жылы Железин ауданының Орловка және Баянауыл ауданының Мәшхүр Жүсіп, Павлодар ауданының Ефремовка ауылдары финалға шықты. 

Өткен жылы байқауға Павлодар облысынан 20 ауыл қатысып, олардың 11-і финалға жолдама алған болатын. Жеңімпаздар тұрақты дамудың 20 негізгі көрсеткіші бойынша анықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау үздік ауылдарды анықтап қана қоймай, елді мекендердің абаттандырылуына, экологияны жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ынталандырады.

Гүлнар Сағитова, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы 

Осы жылдың 18 шілдесінде 17 өтініш келіп түсті. Биыл байқау бұрынғы форматта өтеді. Комиссия ауылдардың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін, халықты жұмыспен қамту деңгейін, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын, білім беру сапасын, «жасыл» технологияларды енгізуді, жергілікті биліктің тұрғындармен және кәсіпкерлермен өзара іс-қимылын, сондай-ақ инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарын бағалайды. Әрбір көрсеткіш құжат жүзінде расталуы тиіс.

Байқау жеңімпаздары барлық қатысушылардың жұмысы толық бағаланғаннан кейін анықталады. Ұйымдастырушылар бұл бастама алдағы уақытта да Павлодар облысындағы ауылдардың көркеюіне және тұрақты дамуына серпін береді деп сенеді. 


Қымбат Садық